Бұл туралы «AMANAT» партиясы филиалының жанындағы жастарды қолдау кеңесінің кезекті отырысында айтылды. «Жасыл ел» жобасымен жастар жұмыс бригадаларын ұйымдастыруға 264,4 миллион теңге бөлінгені белгілі болды.
Жазғы маусымда шамамен 1900 адамды жұмыспен қамту жоспарланды. Қазіргі уақытта қалалық және аудандық әкімдіктер байқау рәсімдерін өткізіп жатыр. Соңғы бес жыл ішінде аталған жоба аясында 9411-ден астам жас жұмысқа орналастырылды. 2021 жылы – 1800, 2022 жылы – 1807, 2023 жылы – 1967, 2024 жылы – 1882, ал 2025 жылы 1955 жас жұмыспен қамтылды.
Бұл көрсеткіштер жобаның жыл сайын тұрақты түрде жүзеге асырылып, жастарды еңбекке тартуда маңызды рөл атқарып отырғанын көрсетеді.
– «Жасыл ел» жасақтарының орташа жалақысы 106 900 теңгені құрайды. Маусым айынан қыркүйек айына дейін жалғасады. Дегенмен, жазғы маусым басталғанға дейін көптеген үміткерлер өтініш береді. Бірінші айда жұмыс істемегендердің барлығы келесі айларда жұмысқа орналасу үшін резервте ұсталады. Жастар жұмыс бригадаларына қатысу үшін 14 жастан 35 жасқа дейінгі үміткерлер немесе олардың заңды өкілдері жастар ресурстық орталықтарына хабарласып, өтініш беруі керек, – дейді Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қазез.
Сонымен қатар, соңғы екі жылда жастар еңбек бригадалары «Жасыл ел» жобасы аясында «Таза Қазақстан» бастамасына белсенді түрде қатысып келеді. Олар экологиялық квесттерге, түрлі танымдық ойындар мен іс-шараларға араласып, жұмыс күндерін қызықты өткізеді. Өткізілген кеңес барысында бірқатар маңызды ұсыныстар да айтылды.
Әсіресе, жобаға жастарды орналастыру кезінде барынша сақтық таныту қажеттігі ерекше атап өтілді. Яғни, қатысушыларды іріктеу барысында олардың жауапкершілігі мен ынтасына ғана емес, әлеуметтік жағдайына да көңіл бөлу маңызды екені сөз болды.
– Жас ұрпақты еңбекке баулу мен қолдау мақсатында жүзеге асырылатын «Жасыл ел» жобасының маңызы зор. Осы орайда, жастарды жұмысқа қабылдау кезінде олардың әлеуметтік жағдайына баса мән беру – әділ әрі маңызды қадам болар еді. Әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған, көпбалалы немесе қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан жастарға басымдық беру арқылы жоба өз мақсатына одан әрі жақындай түсер еді. Бұл тек жұмыспен қамту ғана емес, жастардың өміріне оң өзгеріс әкелетін нақты қолдау болмақ, – дейді «Жастар рухы» ЖҚ Қостанай қалалық филиалының төрайымы Руслана Карпыкова.
Нұрдана ТАҒАЙМҰРАТОВА,
ҚӨУ студенті
