Өңірде жиырмаға жуық гидро нысан жөндеуден өткен

Өңірде жиырмаға жуық гидро нысан жөндеуден өткен

Облыс аумағында барлығы 98 гидротехникалық құрылыс бар. Оның ішінде республикалық меншікте жетеу болса, коммуналдық меншіктегісі 80. Ал он бірі жекенің меншігінде.

Бүгінде 18 гидротехникалық құрылыстарға жөндеу жұмыстары жүргізілген.

«Тоғызына облыстық бюджет есебінен жөнделді. Ол жұмыстарға жарты млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Үшеуіне «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қорының қолдауымен қалпына келтірілді, тағы алты нысан шаруашылық тәсілмен жөнделді. Барлық жұмыстар толық көлемде орындалды», – дейді Қостанай облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының су ресурстары бөлімінің басшысы Абай Бекентаев.

«Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қорының қаражаты есебінен 788,6 млн теңгеге жөнделген. Бұл – Қостанай ауданының Тобыл қаласындағы бөгет, Қарасу ауданының Тімтуір өзеніндегі бөгеттің бірінші табалдырығы және Степное ауылындағы бөгет.

«Алты гидротехникалық құрылыс шаруашылық тәсілмен қалпына келтірілді. Олар Алтынсарин ауданының Шоқай ауылындағы бөгет, Науырзым ауданының №4 Буревестник ауылындағы бөгет, Жангелдин ауданының Шиелі, Ахметқали, Қарасу және Шеген бөгеттері. Бұл жұмыстар да толық орындалды. Өткен жылы су тасқынына қарсы және жағалауды нығайту іс-шараларына облыстық бюджеттен 1 163,2 млн теңге бөлінді. Осы жылы Әулиекөл ауданы Көктал ауылындағы Теректі өзеніндегі бөгетті күрделі жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Оған 133,6 млн теңге бөлінді, жұмыстар жазғы кезеңде басталады», – дейді Абай Бекентаев.

Мемлекет басшысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес облыста «Қостанай су қоймалары» мамандандырылған ұйымы құрылды. Қазіргі уақытта оның балансында 32 ГТҚ. Осы жылы қалалар мен аудандар әкімдіктерінің балансынан тағы 30 ГТҚ беру жоспарлануда.

«Су тасқынын болдырмау үшін Қарасу ауданы Новоселов ауылының маңындағы Құндызды өзенінің арнасын тазарту жұмыстары жүргізілуде. Жобада өзеннің 4,2 шақырым учаскесін тазарту көзделген. Жұмыстардың жалпы сомасы – 232,8 млн теңге. Жұмысты биыл аяқтау жоспарлануда. Су тасқыны кезеңінде мердігер ұйым бес техника жұмылдырылды», – дейді бөлім басшысы.

Гидротехникалық құрылыстарды нығайту және Амангелді, Жангелдин, Қарасу аудандарындағы елді мекендерді су басудан қорғау үшін «Қостанай су қоймалары» КММ 50 арнайы техниканы тартуға дайын. Облыс әкімдігі мен мамандандырылған ұйымдар су тасқыны қаупін азайту және гидротехникалық құрылыстарды сенімді пайдалану үшін жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Бұл іс-шаралар елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сералы МЫРЗАБАЙ