Мәдина шебер: «Әжемнен жеткен өнер»

Мәдина шебер: «Әжемнен жеткен өнер»

Наурыз – табиғат оянып, жаңа өмір басталатын, адамдардың бір-біріне ізгі ниет білдіретін мереке. Бұл мереке тек отбасы мен достарды жақындастырып қана қоймай, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді дәріптеуге де қолайлы тамаша кезең.

Осындай рухани құндылықтарды балаларға жеткізіп, қолөнерді насихаттап, түрлі ұлттық бұйымдарды жасап жүрген ұстаздардың бірі – Мәдина Рахметуллина. Он саусағынан өнер тамған шебер. Оның қолынан шыққан туындылар жоғары бағаланып, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде жоғары бағаланып келеді.

Мәдина Рахметуллина 1969 жылдың 22 наурызында Қамысты ауданының Ливанов ауылында дүниеге келді. Көп балалы отбасында өскен ол бала кезінен еңбекке жақын болып өсті. Әжесінің қолында өскен Мәдина шұлық тоқуды, ұршық үйіруді, жүн түтуді үйреніп, анасы мен әжесінен, мектептегі үйірмеден ұлттық қолөнердің қыр-сырын меңгерген. Әжесі мен анасының берген тәрбиесі оны мейірімді, еңбекқор және шығармашылыққа бейім адам етіп қалыптастырды.
Бала кезінен еңбекке бауланып, үлкендерге көмектесіп өскен Мәдина әрқашан үйірмелерге қызығушылықпен қатысқан. Үйінде ескі тігін машинасы болған, жаз мезгілінде олар көрпеше тігіп, тігін өнерін меңгерген.

«Менің қолөнерге келуіме әжемнің ықпалы зор болды. «Ана көрген тон пішер» дегендей, бала кезімде үйімізде ескі тігін машинасы тұрды. Жазда бізге тігін үйрететін. Біз кішкентай көрпеше тігетінбіз, құрақ көрпе жасайтынбыз. Әр қиықты анам үйрететін. Орынбордың қызы еді. Анам орамал, бөкебай тоқып, әжем шұлық тоқып, солай көріп өстік. Сол дәстүр мен махаббат арқылы мен қолөнерге деген сүйіспеншілікті бойыма сіңірдім», – дейді колөнер шебері.

Мәдина жоғары білімді Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің сырттай бөлімінде «Бастауыш сыныптарды оқыту әдістемесі» мамандығын бітірді. Ол алғаш еңбек жолын балабақшада педагогикалық қызмет атқарды. Кейін біржола шығармашылыққа ден қойды.

«Атам әрқашан оқыңдар деп айтып отыратын. Біз бәріміз де жоғары оқу орнын бітірдік», – дейді Мәдина.

Мәдина әр адамның өз өнері бар деп есептейді және балаларға ұлттық өнерді үйрету арқылы олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға тырысуда.

Оның жалғыз қызы да білімді әрі талантты. Ол Қамыстыдағы жалпы білім беретін мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, Қостанайдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университетті қызыл дипломмен тәмамдады. Кейін магистратура мен докторантураны Астанада оқып, PhD-доктор дәрежесін алған соң қазір шетелде жұмыс істеп, тәжірибесін жетілдіруде.
Мәдина Рахметуллина жиырма жылдан астам қосымша білім беру саласында жемісті еңбек етті. Қазіргі кезде ол Қамысты аудандық мәдениет үйінде балаларды шығармашылыққа баулиды. Ол «Сиқырлы аппликация» атты декоративті-қолданбалы өнер үйірмесін жүргізеді. Үйірмеге қатысатын балалардың жасы 5-пен 12 жас аралығында және қазіргі таңда 48 бала қолөнермен айналысады. Мәдина кішкентайлардан бастап ою-өрнек жасауға, ине ұстауға, мата қиюға үйретеді. Балалар өскен сайын қолдары икемделіп, шығармашылық қабілеттері артады.
Оның шығармашылығы мен педагогикалық еңбегі аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде жоғары бағаланған. Мәдина Рахметуллина көптеген конкурстар мен байқаулардың жеңімпазы.

Ол Compass Center халықаралық ДПИ және көркемсурет конкурстары, Art-Ptica декоративті-қолданбалы өнер және қолөнер конкурсы, Galatalant халықаралық конкурс, Art-Colibri шығармашылық байқауларының жеңімпазы. Сонымен қатар, ол Қамысты ауданы әкімінің грамотасымен марапатталған және кәсіби шеберлігі мен қоғамдық қызметі үшін «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері.

Мәдина Рахметуллина балаларға ұлттық өнерді үйретуді басты мақсат санайды. Ол әр баланың шығармашылыққа қабілеті бар деп есептейді және оларды ою-өрнек арқылы қызықтыруға тырысады. Балалар тек қолөнерді үйреніп қана қоймай, бір-біріне мейірімді болуды, шығармашылық арқылы өзін көрсетуге үйренеді. Мәдина Рахметуллина үшін әрбір шәкірттің өнерге деген қызығушылығы – ең үлкен марапат.

Зарина Жұмағұлова,

ҚӨУ-нің студенті

Қамысты ауданы