Қостанай облысында республикалық маңызы бар автожолдардың сапасы заманауи технологиялардың көмегімен тексеріліп жатыр. Бұл жұмыстарды «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалының мамандары арнайы жылжымалы жол зертханасы арқылы жүргізуде.
Бүгінде өңірдегі жалғыз әрі республикадағы ең «ақылды» зертханалардың бірі саналатын бұл кешен жол төсемінің 21 түрлі техникалық көрсеткішін анықтай алады. Арнайы құрылғылар асфальттың тегістігін, беріктігін, дөңгелектің жолмен ілінісу коэффициентін, ойық іздер мен көзге көрінбейтін ақауларды дәл есептейді.

«Жолдың тайғанақтық деңгейін анықтау арқылы оның қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін бағалаймыз. Егер көрсеткіш нормативтен ауытқыса, бұл учаскеде қосымша шаралар қажет деген сөз», — дейді филиалдың бөлім басшысы Владимир Завалий.
Филиал директоры Абылайхан Алшынбаевтың сөзінше, зертхана тек жолдың үстіңгі қабатын ғана емес, оның астындағы құрылымдарды да тексереді. Атап айтқанда, су өткізгіш құбырлар мен өзге де жасанды құрылыстардың жағдайына жан-жақты сараптама жасалады.

Қазіргі таңда Қарабалық, Сарыкөл және Ұзынкөл бағыттарындағы жолдар толық зерттеліп болған. Ал қазір мамандар Қостанай — Әулиекөл — Сұрған тасжолында кешенді тексеру жұмыстарын жалғастыруда.

Сондай-ақ орталық мамандары жасанды интеллект элементтерін енгізе бастаған. Бұрын 10 шақырым жолды талдауға бірнеше күн қажет болса, бүгінде жаңа бағдарламалардың көмегімен 100 шақырым жолды небәрі 4 сағатта сараптауға мүмкіндік бар.

Жиналған барлық мәліметтер Көлік комитетіне жолданып, кейін осы деректер негізінде жөндеу жұмыстарының жоспары әзірленеді. Бұл өңір жолдарының сапасын арттырып, қозғалыс қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған маңызды қадам болмақ.
Әзірлеген Бекарыс Еркін,
ҚӨУ студенті
