Бүгін Қостанайда «Қош келдің – Әз Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өтіп жатыр. Халық ертесімен орталық алаңға жиналып, думанды бастап кетті. Қаз -қатар тігілген киіз үйлердің алдына жиналған жұртшылық ұлттық ойындар ойнап, бірге қосыла ән айтып, би биледі.Негізгі іс-шара 11-де театрландырылған көріністен басталды. Алдымен кішкентай ұл-қыздар ортаға «Наурыз келді, жыл келді» деп сүйінші сұрап жүгіріп шықты. Одан кейін алаңға тігілген киіз үйлердің ішінен шыққан әртістер бір-бірімен қауышып, құтты болсын айтысты. Бұл сәт бір ауылдың ағайындарының мерекеде қауышқаны тәрізді көрініс берді. Бір топ қыз жиылған халыққа шашу шашты. Одан кейін мерекелік басты тағам Наурыз көже таратылды.
Мерекелік іс-шараға арнайы қатысқан Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жиналған жұртшылықты Наурыз мейрамымен құттықтады.
«Жаңару мен жаңғыру, жақсылыққа жол ашатын, ізгілікке бастайтын Ұлыстың ұлы күнімен баршаңызды құттықтаймын! Халықтың бірлігін нығайтып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін, адамдарға шаттық сыйлайтын ерекше күн. Қазақ халқы бұл мейрамды «Ұлыстың ұлы күні» деп ерекше құрметпен атаған. Бұл күн – жаңа жылдың бастауы, молшылық пен берекенің, ырыс пен ынтымақтың мейрамы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде Наурыз мейрамын тойлаудың он күндігі енгізілді. Әрбір күн жақсы амалдарға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталып отыр. Сондай-ақ биыл Наурыз мейрамы қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Наурыз тек көктемнің келуі ғана емес, бұл рухани жаңғырудың және жасампаздықтың жарқын көрінісі. Тарих толқынында талай сындардан өткен халқымыз әрдайым бірлік пен татулықты биік қойған. Бүгінгі бейбіт күніміз сол тұғырлы татулықтың жемісі. Қоғамда қалыптасқан достық пен сыйластық туған жерімізді жаңа белестерге жетелейтін күшке айналды», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Ары қарай ортаға Қыдыр ата шығып, ақ батасын берді. Елге береке, ырыс тіледі. Бұл жолы Ұлы жібек жолы жайлы қойылым қойылды. Ұлы жібек жолы арқылы елдер өздерінің мәдениеттері мен дәстүрлерін және мейрамдарын таратып отырды. Ортаға сырнайлатып жігіттер шығып, артынан көш орталықпен жүріп өтті. Түйе жетектеген, ат мінген жігіттер көшті бастады. Арттарынан түрлі сауда-саттық керуендері ерді. Ерекше қойылым көптің көңілінен шықты.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов орталық алаңда мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар мен ұйымдар тікке киіз үйлерді аралап көрді.
Қостанайлықтарды Наурыз мейрамымен белгілі әнші Нұрлан Албан құттықтады.
Мереке кешке дейін жалғасатын болады.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ