Наурыз – халқымыздың ежелден тойлап келе жатқан көктем мерекесі, жыл басы. Бұл – табиғаттың жаңаруымен қатар, адамдардың да бір-біріне ізгі тілек айтып, татуласатын, бауырмалдық пен бірлікті дәріптейтін ерекше мейрам. Аманкелді ауданында да Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті.
Мерекелік іс-шарада аудан әкімі Қанат Кеделбаев сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
“Наурыз – халқымыз асыға күтетін мереке. Бұл – қыстың ызғары кетіп, көктемнің шуағы төгілетін, табиғат түлеп, тіршілік жаңаратын ерекше сәт. Ежелден халқымыз бұл мерекені ырысты ынтымақтың, бірліктің символы деп білген. Бүгінде бұл мейрамды тек қазақ халқы ғана емес, елімізді мекендеген барлық ұлт өкілдері бірлесе атап өтеді. Сол себепті, Наурыз – нағыз халықтық мереке. Бауырмалдық, жанашырлық, сыйластық, отаншылдық сияқты құндылықтардың бәрі осы күнде көрініс табады. Сіздерді осы шуақты көктем мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!” – деді аудан әкімі Қанат Кеделбаев.
Мерекелік іс-шаралар таңертеңнен басталып, аудан орталығында арнайы киіз үйлер тігіліп, қазақтың ұлттық тағамдары әзірленді.
Келген қонақтар мен аудан тұрғындарына наурыз көже, бауырсақ, қымыз және басқа да ұлттық тағамдар ұсынылды. Тегін көже таратылып, ақ дастархан жайылды.
Сондай-ақ, іс-шара барысында ұлттық ойындар да ұйымдастырылды. Көпшіліктің ерекше ықыласына бөленген спорттық бәсекелердің бірі – арқан тартыс болды. Бұл жарыста әр ауылдық округтен жиналған командалар өзара бақ сынасып, жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, қол күресі, асық ату, көкпар, көлік сүйреу сияқты ұлттық ойындар да көпшіліктің назарын аударды. Жергілікті өнерпаздар сахнада ән шырқап, ұлттық би билеп, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
“Наурыз – берекенің бастауы. Бүгін халыққа арнап наурыз көже, бауырсақ, қымыз сынды ұлттық тағамдарды тегін тараттық. Бұл – ата-бабамыздан қалған игі дәстүр, халқымыздың қонақжайлығының белгісі. Келген қонақтар ризашылықтарын білдіріп, ақ тілектерін айтып жатыр. Мұндай шаралар халықтың бірлігін арттырып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге үлкен үлес қосады деп ойлаймын”, – дейді тұрғындарға наурыз тағамдарын ұсынған ұйымдастырушылардың бірі Әйгерім Оспанова.
Осылайша, Аманкелді ауданында Ұлыстың ұлы күні бар сән-салтанатымен тойланып, жұртшылық бір-біріне ақжарма тілектерін арнады. Бұл күнгі мерекелік көңіл-күй – көпшіліктің есінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Тимур ШАГИРОВ
ҚӨУ журналистика студенті
Суреттерді түсірген Ержан ОЛЖАБАЕВ
Аманкелді ауданы