Наурыз мейрамына арналған ұлттық ойындар Қостанайда жалғасын тапты.
Сити орталыққа келген меймандар жасөспірімдердің асық ату өнерін тамашалады.
Жарыстың бас төрешісі Кәрішал Кәкашевтің айтуынша, ойынға жаңа ереже енгізу ұйғарылды. Жасына қарай ерекшеліктері де ескерілген. Алты жасқа дейінгі, одан жоғары топта өнер көрсетті
“Қатысушылар үш категория бойынша бақтарын сынады. Алдымен оң жақта тізілген төрт асыққа үш рет атуға мүмкіндік беріледі. Одан кейін омпыға дәл тигізу қажет. Үшінші бөлік тасқала деп аталады. Көздеген асық сыртқа шықса, үш ұпай беріледі. Бірінші сызықтан асса, екі ұпай қосылады”, – деп түсіндірді жарыстың бас төрешісі.
Қостанайдағы нөмірі 28-мектептен келген Тимур Сералин осы тасқаланы екі рет бұзып, жалпы есепте отыз бір ұпай жинады.
Қой көтеру жарысында биыл жаң рекорд тіркелді. Жеңімпаз Жалғас Әукебаев Астана қаласынан Қостанайға қыдырып келгенін айтады. Ол 64 келі салмақпен 71 рет отырып тұрды. Осылайша бәйгеге тігілген қойдың иесі атанып, елордаға аттанғалы отыр.
“Астанадан қонаққа келгеніме көп болған жоқ. Осындай жарыс болатынын естіп, екі күн әзірлендім”, – дейді ол.
Осының алдында Алматыдан арнайы оқу-жаттығу жиынына келген Бақтияр Жамалов бұл салмақты берілген екі минутта 70 рет бағындырған еді.