31 мая, 2025
Облыс әкімі Арқалықта

Облыс әкімі Арқалықта

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Арқалық қаласына келді.

Сапар барысында облыс басшысы көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын назарға алып, қаланың бірқатар нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Алғашқы кезекте аймақ басшысы жаңадан ашылатын асфальт-бетон зауыты және қиыршық тас өнідіретін кешендерге қондырғыларды орнату жұмыстарының жай — жапсарына қанықты.

Кәсіпорын қуаттылығы сағатына 105 тонна өнім өндіруге қабілетті. Қытайда жасалған РД-105 қондырғысы Қостанай қаласындағы «ЛУДЕ-КАЗ» бірлескен кәсіпорнымен» жеткізілуде.

Бұл жөнінде «ARQALYQREVSERVIC» ЖШС директоры Виктор Суровцев әңгімеледі. Зауыт алдағы сәуір-мамыр айларында іске қосылмақ.

«Республикалық маңызы бар жолдарға маңыз беріледі. Жолдар жөнделіп жатыр. Дер кезінде жұмыс бастағалы отырсыздар, қолдау болады», – деді Құмар Іргебайұлы.

Өңірдің дамуына ықпалы тиетін «Жезқазған – Петропавл» көтерме жолы жөндеуден өтуде.

Облыс әкімі мердігерлермен жүздесіп, жұмыс барысына қанықты. Жергілікті «Алюминстрой» ЖШС-нің де жол құрылысында үлесі бар. Жол бойындағы суағар құбырларды жаңғыртуда. Жол құрылысына қажетті қиыршық тастар тасымалданған.

Қала іргесіндегі Северный кентінің Пролетарский көшесінде су тасқынының алдын алу үшін жұмыстар жүргізілуде.

Жол қапталдарынан арықтар қазылып, құм салынған қапшықтардан қорған соғылған.

Қала әкімі Әмірхан Асанов су тасқынына жол бермеу үшін атқарылып жатқан жұмыстардың жай – жапсарымен өзі таныстырып шықты.

Дачный кентінің Аманкелді көшесінде де жол бойынан арық қазылып, су өткізетін құбырдың ауқымы кеңейтілген.

Облыс әкімі көшелер мен үй аулаларынан қар шығаруды қарқындата түсу қажет екенін айтты. Қар шығару жұмысына ел болып жұмылу қажеттігін тапсырды.

Арқалық өңірлік ауруханасына қарасты перзентхана күрделі жөндеуден өтуде.

Жоба құны 1 млрд 191 млн теңге. Жөнделген бөлмелерге заманауи медициналық қондырғылар орнатылған.

Атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде аурухананың бас дәрігері Самат Исламов баяндап берді.

«Бұл аурухананың өңірге қажеттілігі жоғары. Көршілес аудандардан келіп, ем алушылардың қатары да арта түсері анық. Сондықтан, алдағы уақытта аурухананың мүмкіндіктерін арттыруды жіті қарастыратын боламыз», – деді Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімі ертең тағы бірқатар нысандарды араламақ.

Сапар қорытындысы қаланың дамуы бойынша өткізілетін кеңеспен түйінделмек.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев.

Арқалық қаласы