Нұрхан – халықтың тілін діл еткен ақын

Нұрхан – халықтың тілін діл еткен ақын

Бірде Бауыржан Момышұлы ақын Сырбай Мәуленовке телефон шалып:

– Соғыс жөнінде «Қобыландыдай» ел аузынан түспейтін дастан неге шықпайды? – депті, іле-шала өз сауалына өзі жауап беріп:

– «Қобыланды» – ұжымдық дастан. Оны бүкіл ел болып жырлап, жылдар бойы жұмырлап, жаңартып, жасартып мүсіндеп соққан. Оның жырлаушы белгілі жырауларды болғанымен, авторы – халық! Түсіндің бе, медведь, доклад окончен, – деп телефон трубкасын қоя салыпты…

Нұрхан жырларын оқыған сайын Баукеңнің осы сөзі есіме түседі. Өйткені Нұрхан Ахметбековтің дастандары үнемі халық ауызында, ел домбыраға қосып жатқа айтады. Сонда Нұрекең жырларының құдірет-күші неде?!

Ауыз әдебиеті сонау ықылым заманнан бері қарай ғасырдан-ғасырға жалғасып, халық жадында келеді, мәңгі жалғаса бермек. Қазақ халық поэзиясынан сусындап өскен ақын, ауыз әдебиеті нұсқаларын жырларына үлгі-өрнек ете отырып, «қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап пісіп, дүниеге келген» (А. Байтұрсынұлы) халықтық тілді өз сөзімен қолданып, айтпақ ойын шашыратпай түйіп, дәл де айқын етіп, айшықтап, әсерлеп жеткізе білген, яғни, ақын жырларының «ел аузынан түспейтін» құндылығы – осы халықтығында жаста керек.

Сазды Әйет, сарыарқада Түйемойнақ,

Сарыжайлау, сабатында бие байлап.

Отырып уық тастам көшпелі елдер

Ететін ала шаңдық үнемі ойнақ.

 

Тірілген шыбын-шіркей шіледе шалып,

Көк майса құлпырған кез жер жасарып.

Өткен күз ел көшкеннен бермен қарай,

Қонбаған жалғыз ауыл ірге салып.

«Жасауыл қырғыны» дастаны осылай басталады. Кедір-бұдырсыз, мінсіз құйылған өлең. Себебі – буын, бунақ саны өзгермейді (Н.Ахметбеков жарларында буын, бунақ саны үнемі біркелкі сақталып отырады – С.О.). Бұл өлеңнің ырғағын да бірқалыпқа түсіріп, әуенге салып айтуға жеңілдетеді. «Ақын тілі сөзің дұрыстығының, тазалығының, дәлдігінің үстіне, көрнекті, әуезді болу жағын да талғайды» (А. Байтұрсынұлы). Оның үстіне жер, ел атауларына орай соған үндес, әрі күш беретін, әрі айқындай түсетін, дәлірек айтқанда, эпитет (айқындауды) – «заттың, құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөздерін» (З.Қабдолов) пайдаланған. Сарыарқаның алдына сазды Әйетті, Сарыжайлаудан кейін сабат сөзін алуы өлеңге көрік те, беріктік, күш-қуат та беріп тұр. Өлең төрт буынды түбірлі ұйқаспен қамшыдай шебер өрілген.

«Уық тастам» – қазақ менталитетіне ғана сай өлшем. Оқыған сәтте көкейіңе қонып, көкірегіңді оятып, ұлттық сезіміңді қытықтап, жаныңды әлдебір сағынышқа бөлейді.

Ақын синоним сөздерді таңдап алады. Бұл жерде басқа қай өлшемді алса да дәл осындай болып шықпас еді. Мәселен «уық тастамның» орынан «оң қадам», «он метр», «таяқ тастам» десең де әсері жоғарғыдай болмасы анық. «Ететін ала шаңдық үнемі ойнақ» та жайдан-жай айтыла салынбаған. Бұл оқушыға алдағы болар оқиғаны меңзету, «жасауыл қырғынына» апарар, соған бастар, соғын барар жол.

«Тірілген шыбын-шіркей шілде шалып» кез-келген ақынның тіліне орала бермейтін тіркес. Ақын бұл жерде шілденің жылуының бар тіршілікті, тіпті шыбын-шіркейге дейін тірілткенін бейнелей айтып отыр. «Көк майса құлпырған кез жер жасарып» – жерге жан бітіріп, оның сонылығын «жалғыз ауыл ірге салып» ел қонбағандығымен дәлелдей жеткізеді.

Бұдан әрі дастан «Жағалап жанбауырлай Бестөбені, Ығындай қызыл-жасыл көш келеді» деп жалғасады, қандай әдемі сурет?! «Жанбауырлай» дейді автор. Бұл сөз көбіне- көп бауырымен жорғалаушыларға, соның ішінде жыланға байланысты айтылады. Ақын соны әдейі көштің қандай көш екендігін жеткізу мақсатында алған. Өйткені, көш жай көш емес, елге бүлік алып келе жатқан көш. Кейін «Айбыны жұрт көңіліне қорқу салды, Аңызда бір аждаға келгендей боп» деп бұл тұспалын нақтылай түсіп, еселей жеткізеді.

Көш Шаңдақкөлге «еңкейіп келе жатыр». Ақын тағы да синоним сөздерді таңдап қолданған. «Жақындап», «таяп», «жуықтап», «жанасып» демейді, «еңкейіп келе жатыр» деп көзбен көріп тұрғандай айтады.

«Жағаның жасыл тартқан балқашында, көш алдында тіккен шатыр көрінеді. Шатырдың тіреулері жалт-жұлт етеді. Ішінде күжілдеген кілең бөрі, жамбастарында селебелер жарқылдайды. Жасыл сырлы керегелер жайылып, оқалы үзік, дөдегелер ат үстінен сырықпен көтеріліп жабылады».

Жанды сурет жалғаса түседі:

Тартылып, жібек белбеу, шым зерлеген,

Ақ киіз оймышталған күн көрмеген.

Алтындап шаңырағына шоқ орнатып,

Шеңбері шымқай күміс күмбезденген.

 

Ақ үйлер жұмыртқадай қатарласып,

Иесіз жер ен даланы мысы басып.

Бәрінің тәңірісіндей ортасында

Аңғарып бір ақ орда тұрған ашып.

 

Қаңтарып ылғи жарау атты парлап,

Нарларды қызыл бұйра шапқатарлап.

Қақтырып қайың қызық, желі тартып,

Тулатып асау, тағы құлын байлап.

«Селебе», «дөдеге», «оқалы үзік», «белдеу» қазір жиі айтыла бермейтін көне сөзге (архаизмге) айналып бара жатқан киіз үйге байланысты атаулар. Ал «Шапқатарлау» ­– түйені айқастырып қаңтару екен. «Алтындап шаңырағына шоқ орнату» да көбімізге беймәлім әшекей. «Қызыл бұйра» нарлар, «қайың қызық», «асау, тағы құлын» тың айқындаулар.

Одан әрі хан ордасының іші-сырты суреттеледі. Ертегі, аңыз әңгімелер оқып, батырлық, ғашықтық эпостарды жаттап айтып өскен ақын қиялға бай. Көргенін қалт жібермейді, сезімтал да аңғарғыш. Бәрін көз алдына жандыдай елестетеді. Сондықтан сен де сол хан сарайын көріп тұрғандайсың.

«Ылғи шонжарлар жиналған ордада сары қымыз сапырылып, қырық кісі бұйым емес хан ордасы лық толып, дәл осы күн тығыз. Ауылдан аулағырақ бір діңгек тұр. Сырғауылдан ұзын желі тарттырған және бір ат байлайтын, шамасы ат шаптырым (асырып айту!) ағаш керте жасалған. Қамшыларын ерлерінің басына іліп, бәрі жаяу жүріп келеді. Ордаға тексеріп, аты-жөнін әбден біліп, рұқсатпен кіргізеді. Желіге қатар-қатар мал-буыршын, боталы інген, нар байланған. Семіз ат, тайлы бие ноқталанып, желіні толтыруға ыңғайлаған. Жұрт қақырмай, жөтелмей шарт жүгініп, қатты күліп, бейсауат сөз сөйлемейді. Ызыңдап шыбын даусы естілмейді. Үстіне бұлған ішік жамылып, екі көзі шарт жұмылып, үйді де, әскерін де сайлап, хан ақ аюдың бөстегінде отыр. Жанында тап беріп бар кісіге шабатындай терісіне жондандырып жүн тыққан жолбарыс, босағада жабысып қарауыл тұр. Шекетулі ыдыс-аяқ сылдырлап, алтын-күміс шай құралы жарқырайды. Хан тұсында қынабынан суырылып, өткір қылыш салбырап ілулі тұр»

Ханның кескін-келбеті де ерекше. Болып жатқан, болғалы тұрған оқиғаның ішінде өзің жүргендей күй кешесің.

Төртбақты адам екен бойы тапал,

Қайқы мұрт, бурыл жирен селдір сақал.

Қой көздер тарамданып тарғыл тартқан,

Отты ұшқын зәреңді алып оқтай атар.

 

Дөң мұрын иегіне біткен еңкек,

Секілді кесек томдар жатқан келтек.

Кетеді кейде ілгері, кейде кейің,

Сөйлесе басындағы алтын телпек…

 

***

Ежелден елде өшпенді кегі бардай,

Түнеріп ашылмайды хан қабағы…

 

Бұл қазақ қайдан білсін ханның ырқын?

Кернеген тәкаппарлық іші-сыртын.

Бір кенеп көкірегін, шаңқ етті хан,

Кірпідей тікірейтіп селдір мұртын.

 

Хан образы өз сөздері арқылы да ашыла түседі:

 

Жауап бер, жарлығыма көне ме елің?

Ас, ғұшар, малдан зекет бере ме елің?

Арқада ардаланып кетіпсіңдер

Ортаңда болмаған соң төрелерің.

 

…Үш жүздің баласының ордасы бұл,

Жоқ сенің менен басқа иелерің.

Қолымнан ешкім бөліп ала алмайды,

Сен қазақ, азығым да, атым да сен.

 

Нұрхан оқиғаны суреттеуге асқан шебер: «Ел жатып, түн аударып (бейнелі сөз!) дамылдаған. Түндіктері жабылмаған бір үй жоқ. Ала таңға бір ұйқыдай қалғанда дауылдаған бір екпін қатты соғады. Көп жылқы көлдің бойын дүрілдетіп, жал-құйрықтары суылдатып, гуілдетіп,тұяқтары су сабатын солқылдатып, тебініп, үзеңгісін шақылдатып сындырып, қараңғыда балта, кетпен жоғалып (бейнелеп айту!), сойыл біткен оңайлықпен таптырмай, таңасқан арқандаулы аттар да қиқудан үрке шауып, арқандарын үзіп кеткен, жау қарқыны қатты. Қойшының да тай-тулағы жоғалып, аспанды қара бұлт басқан, көзге түртсе, көргісіз, анда-санда найзағай жарқылдайды (Егіздеу – параллелизм!) («Екі ұдай нәрсені, құбылысты, ұғымды, сезімді қатар қойып, жұптап суреттеу» – З.Қабдолов) өлеңнің эмоциялық қуатын күшейте түскен.

Зар қағып қатын-бала еңіреді,

Ың-жың боп кетті ауылдың төңірегі.

Ит үріп, түйе боздап, қой дүркіреп,

Сиырлар азан-қазан мөңірейді.

 

Жау қақты көн қарағай дабылдарын,

Дабылдың естігенде ел қағылғанын –

Тығылды қыз-келіншек жерошаққа,

Жамылып ат, түйенің жабуларын.

 

Ауылды қаптаған жау келе басты,

Найзаның ұшыменен түндік ашты, –

Қалған ел қамтамада қайда барсын? –

Тұра алмай жауға қарсы үйге қашты…»

Нұрхан ақын кейіпкерлерінің істеген ісі арқылы жауыздығын көрсетіп, халықты одан түңілдіреді.

Ақын поэмалары мен өлеңдерінде бейнелі, бедерлі сөздер жиі ұшырасады: «Торғайдың тусыраған қара отына жылжымай айдау жеген мал күрмелді», «Халықты қайырымымен қандырушы еді», «Дүниенің домбырасын бұрай-бұрай», «Ыңырсып сары самаурын келді қайнап», «Қабағы бір жабылып, бір ашылып, желдетіп құйды аспаннан қара нөсер», «Өкпек жел мұз өкпесін жегідей жеп, іркілдеп жөнелді қар егіле кеп», «Ойрандап зымыстанның ақ қаласын» (Ақ қала деп автор қарды айтып отыр – С.О.), «Күнгей бет көңілденіп сала берді», «Көтерем көк сиыр да көтеріліп, бұтына байлап келді қойдың санын», «Ұяттың оты көзден шашылып тұр, сәбилік өткелінен өтпегендей», «Сыры бар сыпасынған сыртындағы, шаланы көрсетпейді ұртындағы»… неткен бедер, неткен бейнелі сөздер.Теңеулері де жаңа, дәл: «Желгенде жер үйіріліп қала берді, бетіндей диірменнің дөңгеленіп», «Қайғының мас болғандай нашасына», «Ұмтылды төсегінен тұра Балым, ұядан ыршып ұшқан ала үйректей», «Сәбидей алақанын шапалақтап», «Желігіп желді күнгі көшкен бұлттай, жөнелді қалың сарбаз соғысарға», Қымызды піспектеген кемпірдей-ақ, көк аспан көк сабасын күрпілдетті»…

Көріп отырсыздар, зер салып оқыған адамға бірден аңғарылатыны – ақын өлеңдері халықтық нақышқа толы.

Қоңыр жел, зауал ауа екіленіп,

Үйілген жал-жал қарды екі бөліп,

Ала бұлт Ақжайықтан ойнап шығып,

Шығысты шыр айналды шеті келіп.

Автор алғашқы екі жолда көктем желіне жан бітіріп, оны іс-қимыл үстінде көрсетсе, екінші екі жолда ала бұлтқа тіршілік беріп, оны Ақжайықтан ойнатып шығарып, бір шетімен Шығысты шыр айналдыртады. Сөйтіп, өлеңді құбылтып, құлпырта түседі. Құбылтудың (троптың) бұл кейіптеу түрі. «Кейіптеу – ертегілер мен аңыз әңгімелерде жиі қолданылатын тәсіл» (З.Қабдолов). Сонымен бірге бұл гипербола! Шумақта айқындау да, аллитерация, ассонанс та, образды сөз де бар. Өлең динамикасы қуатты, иірімді. Оқиға – іс-әрекет бірінші жолда басталып, екінші, үшінші жолға ұласып, алғашқысы кейінгілеріне поэтикалық екпін беріп, төртінші жолда түйінделеді. «Поэтикалық энергия – ақындық рухтың сәулесі» (Тұрсынжан Шапай).

Нұрхан ауыз әдебиетінде жиі ұшырасатын троптың бір түрі – ұлғайтуды (гипербола) орнымен дәл тауып қолдана біледі:

Алтыншаш арқасында алпыс өрім,

Көрінер күн шұғыласы бұрымынан.

 

Шұрқырап жылқысы өсті буырылдан,

Тозаңы күндік жерден суырылған.

 

Ай қасқа сиыр өсті ақ бауырдан,

Әуескі ақтүнектей қатпарылған.

Мысалы Ұлытаудың бұлағындай,

Қаймақ, сүт, май шұбырып ақтарылған.

 

Сужарғанның қамысын

Сүйкеніп сиыр жықпаған.

 

Асырып айту осындай-ақ болар! Бірақ сенімді. Өйткені ақын сендіріп айта білген!

Бұл халық поэзиясында бар дәстүр. Дәстүр – шығармашының өзіне дейінгі ақын-жыраулар поэзиясының озық үлгілерінен үйренуі, әсерлеу, бейнелеу құралдарын, өлеңнің өлшем-өрнектерін өз өлеңдеріне сол қалпында қайталамай, орнымен қолдана білуі, дамытуы. Дәстүрсіз жаңашылдық жоқ. Ақын бұрыңғы ақын-жыраулар дәстүрін сақтай отырып, өзіндік үнін, бет-бейнесін, бедерін, қолтаңбасын табуы керек. Ол талант қарымына байланысты. Әйтпесе, бұрыңғы ақындар айтып кеткен, жүріп өткен жолдан аса алмай, солардың көлеңкесінде қалды. Ал шын талант иесі өз соқпағын табады. Сөйтіп дәстүр жаңашылдыққа бет бұрды. Жаңашылдық қайтадан дәстүрге жетелейді. Осы үрдіс осылайша ғасырдан-ғасырға жалғаса береді.

Нұрхан да өзіне дейінгі халық поэзиясының бедерлі, бейнелі, көркем нақыштарынан гүлдерден бал жинаған бал арасындай бойына нәр, күш-қуат алған. Сөйтіп оны өз жырларында сәтті қолданған:

Түйе берсең, үйе бер

Жатқан жері даладай,

Азу тісі қаладай

Екі өркеші баладай

Құрығы ұзын қамшыдай

Шудасы бар жамшыдай, –

дейді ауыз әдебиетінің көне нұсқаларының бірі төрт түлік жайындағы өлеңдері.

Ал, «Алпамыс батыр» жырында:

Кеудесі болды кепендей,

Мұрны болды төбедей,

Күрек тісі кетпендей

Кеңірдегі тесігі

Жүгімен түйе өткендей, –

деген жолдар бар.

Үмбетей жырау:

Жатқан жері даладай,

Екі өркеші баладай,

Азу тісі қаладай,

Жабуы жамшыдай,

Құйрығы қамшыдай , –

деп жоғарыдағы ауыз әдебиеті нұсқасын қайталай жаңғыртып, өзінше ой түйеді.

Махамбет Өтемісұлы:

Шортанды қара бақандай,

Бақасы сары атандай.

Балдырғаны білектей,

Баттауығы жүректей,

Қымыздығы күректей,

Сонасы қоңыр үйректей,

десе, Нұрхан:

Шортаны атан түйедей,

Ақ балығы биедей, –

деп өзіне дейінгі ақындар теңеуін қайталап қана қоймай өзінше жол табады:

Ат шаптырым бөгетті,

Азамат соққан ерінбей,

Көк долы жойқын асау су

Қайтсін мұңан шегінбей.

Ала сұрған тасқын сел

Айналып келіп бас иді

Ұялқаш бір жас келіндей.

«Қобыланды батыр» жыры «Кешегі өткен заманда», «Алпамыс батыр», «Бұрыңғы өткен заманда», «Ер Тарғын», «Ертеде Қырғыз да», «Ер Қосай», «Бұрыңғы ноғайлардың заманында» деп басталады. Осы дәстүрді жалғастырған Нұрхан «Албан, Жұпар ханым» дастанын: «Ертеде бір бай өтті Алдан атты» деп бастаса, «Қамарлы заман» дастанын «Хикая мың бір түннен әңгіме еткен, Ертеде сөз тыңдаңыз өткен кептен. Бектері сыпа-сұлтан бәрі де сай, Халдатта Шағармандай бір патша өткен» деп эпостық жыр стиліне тән жолдармен бастайды.

Бұрыңғы ақын, жыраулар поэзиясында жылқыны, батырлар мінген хас тұлпарларды суреттеу жиі ұшырасады.

Жауынгер жырау Ақтамберді бірде «Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз» деп армандаса, енді бірде:

От басар орны отаудай,

Қабырғасы халық орнаған жоңсаудай,

Ор қояндай қабақты,

Қиған қамыс құлақты,

Сары мысықтай азулы,

Саптыаяқтай ерінді,

Қидасын кәрі жілікті,

Омырауы есіктей,

Ойынды еті бесіктей,

Табаны жалпақ тарланды

Таңбалап мінер ме екенбіз!? –

деп қиялдайды.

Нұрхан ақын:

Жылқысы өсті күреңнен

Нағыз бөкен қабақты.

Құлан шеке, көкмойын

Қаламсаптай сағақты.

Сыныс құйрық, құлан жал,

Кілең бөрі құлақты.

Қысқа бақай, үкі аяқ,

Жылтыр құйма тұяқты.

Кебеже қыран, кең кеуде,

Домбырадай шанақты.

Жазық бауыр, кең сауыр,

Желгенде желге жеткізбес,

Ақ сұңқар құстай қанатты.

Қабырғасын қом басқан,

Құйыршығын май басқан.

Құнаны түсіп келеге,

Кенжелемей, тай қашқан.

Қоян төбел, қан күрең

Бір тұқымнан парласқан.

Бәйгеден келді бір нәсіл

Тобын жазып қалмастан.

Шиліқасқа соңынан

Шымқай күрең жалғасқан

Басқа нәсіл жүйрікті

Шапқан жерде шаң басқан.

Қасқырды қойша қайырып,

Елікті белден бір басқан , –

деп өзіне дейінгі ақын, жыраулар үлгісін пайдалана отырып, аттың сынын келісті бере білген.

Ойын анық, көркем жеткізу үшін Нұрхан халық тіліндегі дағдылы орамдар мен тіркестерді де орнымен пайдаланып отырған. Бұл да бұрыннан бар, ертеден келе жатқан дәстүр.

«Қобыланды батыр» жырында:

Көкалалы көп жылқы,

Бәрі құлақ ең жылқы, –

делінсе, ауыз әдебиетінің өкілі Біржан сал:

Шетіне орамалдың түйдім сусар,

Көп жылқы көкалалы көлде жусар], –

дейді.

Нұрхан:

Көп жылқы көл бойында жағалады,

Бөрте жүн, бөрі құлақ, көк алалы, –

деп, бұдан кейінегі екі жолын да дыбыс үндестігіне, ішкі ұйқасқа құрып:

Қаптарлы ат, айғырым қатпарланып,

Туырылып туырлықтай қоң алады, –

деп бейнелей, бедерлей жеткізеді. «Туырлықтай» деген теңеуі мен «Қапталы ат» тіркесі де соны.

Ауыз әдебиетінің озық үлгілерінің бірі – қара өлең он бір буынды ұйқаспен жазылатыны белгілі. Нүрекең де осы өлең үлгісімен қалам тербеген, айтыстарында да осы халықтық нұсқаны пайдаланған:

Қара өлең:

Ауылым Алатаудың ой жағында,

Болады бота сұлу тайлағында.

Өзіңмен тағы да бір айтысуға

Жүремін қимай барып тойлы ауылға.

Нұрхан Ахметбеков:

Ауылым Амансордың көлбеуінде,

Әлімнің отырушы ем шеңдеуінде.

Түйеден кешке таман үйге қайттым,

Екі мес шұбатым бар теңдеуімде.

Ағаштың арасында үйге келсем,

Арыстай күрең ат тұр белдеуімде.

 

Қуанып үйге кірсем Есім отыр,

Шешпеген белде қылыш, белбеуін де…

Жоғарыдағы қара өлең сияқты мінсіз өріліп, әуенге қосып айтуға сұранып-ақ тұрған жоқ па?! Сонымен бірге суретті, оқушысын қазақ этнографиясына да хабардар етеді. Қара өлең құрылысы сияқты бұл шумақтардың да әр жолы үш буынды бунақпен басталып, төрт буынды бунақпен аяқталады. Бірақ бірде-бір жол қызмет атқармай, бір-бірімен байланыспай бос тұрған жоқ. Қайта бірін-бірі жетілдіріп, демеп, ақынның айтар ойын дәл де көркем етіп жеткізіп тұр.

«Қарға» дастанында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, дәстүрі, этнографиясы, әдет-ғұрпы, жөн-жоралғылары тайға таңба басқандай айқын да әсерлі бейнеленеді.

Қарға (адам аты – С.О.) «Кешегі Ләйлі сұлу, Баяннан да сымбатты. Бәдиғұл – Жамалдан да артық, қыз Құртқа, сұлу Жібек пар келе алмас, тірі жүрген адамдарда теңі жоқ» күндей көркем Гүлсінді алып қашып еліне келеді. «Біреу келіп, біреулер кетіп, алғаның құтты болсын айтып, япырмай-ай, мұндай сұлу көрмедік» деп, кейбіреу ішегін тартып жатыр. Шашуға бала-шаға кенеліп, қатар-қатар самаурын қойылып, бір жігіт бағыланды алып ұрып, шиге сап домалантып сойып жатыр».

Ауыл өмірі, тұрмысы, салт-дәстүрі әдемі суреттелген. Көз алдына кино лентасындай керемет көріністерді алып келеді. Қойды шидің үстіне, әрине, тоқылған шидің үстіне жатқызып сою қазір тіпті ұмытыла бастаған дағды, ғұрып. Және ақын жай ғана «сойып жатыр» демейді, әсірелеп, жандандыра түсіп «домалантып сойып жатыр» дейді.

«Дөдегесі алтын оқалы, керегесіне күмістен күмбез таққан, босағасы берік – дауыл жықпас сом темір, болыскей шегемен шекетілген ақ отай, айнала асыл кітап ұсталып, шәйімен тысталған көрпе-жастық жиналып, не керек бұйымдарының бәрі дайын тұр».

Киіз үй сүйегінің, жабдықтарының атаулары, «алтын оқалы дәдеге, күмістен күмбез орнатқан кереге», «болыскей шекетулі шеге», «асыл кілем», «шәйімен тысталған көрпе-жастық» – бәрі-бәрі қазақ тұрмысын, қолданған бұйымдарын танытады. Ақын оларды айқындап, ажарын ашып, мықтылығын, асылдығын ұғындыра, көз алдына елестете айтады.

Боп қалды келін түсіп той тамаша,

Жыршылар жырлай келді бетін аша.

Біреу ат, біреу шаман алып жатыр,

Әлеумет жиналып кеп дабырласа.

 

Ән шырқап ақ боз үйден айқай салып,

Сырттағы сыймаған жұрт түрді жабық.

Бір жүзік, бір орамал алмаған жоқ,

Балалар омырауына теңге тағып…

 

Екі шумақ қазақтың салт-дәстүріне, кәде-жоралғысына тұнып тұр.

 

Ақсақал, игі жақсы жиналысып,

Қарғаның көңілін сұрай осында отыр…

 

Бұл да қазақтың қанына сіңген қасиеттерінің бірі – салт-дәстүр.

 

Орнымнан сол уақытта тұрдым ұшып,

Шараға қымыз құйдым пісіп-пісіп…

Қыз сонда маған қарап езу тартты,

Жатқанда тегешімен қымызды ішіп,

Қазақтың қарапайым тұрмысы бұл!

«Есім сері» дастанында қазақтың ұлттық ойындары, қонақты қарсы алу, амандасу салты, қонақжайлылығы әдемі көрініс табады:

Жолаушы бір құдайы мейман шығар,

Үйге әкел, пісулі дәм дайын бар! –

Бұрын бет-жүзін көрмеген, мүлде танымайтын кісіні қазақ осылайша қол қусырып қарсы алып, үйіне шақырған!

Тоқ бәйге, жорға бәйге, құнан бәйге,

Біреу озып, біреулер қалып жатыр, –

деген жолдарда бәйгенің түрлері айтылса,

 

Кейбірі ат үстінен аударысып,

Жиналғандар жыққанды мақтап жатыр, –

деген жолдар аударыспақ ойынын еске түсіреді.

Сондай-ақ, ақын дастандарында ру аттары, жөн сұрау, үлкеннен бата сұрау, жасы үлкенді сыйлау, ас беру рәсімдері де жарасымды бедерленген.

1943 жылы Алматыдағы «Опера және балет театрында» өткен республикалық ақындар айтысында Нұрхан Ахметбеков Солтүстік Қазақстан облысының ақыны Молдахмет Тырбиевпен сайысқа түседі. Сол жұптасуда Нұрекең өзін, елін көрермендерге таныстырып:

Сайраған Сарыарқаның бұлбұлымын,

Торғайдың топтан озған дүлділімін.

Атамыз алатайлы батыр Шақшақ,

Сом алтын бәйбішенің кенже ұлымын, –

деген ғой.

Шақшақтың Нұрханға ата екендігі рас. Бірақ Торғай Арғындары бәйбішеден тумайды. Қазақта атасының баласы, әкесінің баласы болуы, солардан тудым деу ертеден бар ғұрып, салт екендігі шындық. Сондықтан да қарсыласы «тоқалдан туған томар бас» деп әжуә етпес үшін алдын алып, «сом алтын бәйбішенің кенже ұлымын» деген. Баласының баласын «кенжем» деп айта беретінін де естіп-біліп, көріп жүрміз.

Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,

Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген, –

дейді Мұқағали Мақатаев.

Ол сырдың бірі – қара өлеңнің әр жолындағы мақал-мәтел, ақыл, нақыл, наным, сенім, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, құнарлы тіл. Қара өлеңде қазақтың қшпес рухы, ділі бар. Халық ақыны Нұрхан Ахметбеков сол құдіретті – халық қазынасын жырларына орнымен қолданып, жандандырған, жасартқан, әдіптеп, ажарлаған, бедерлеген! Ақын өлеңдері ұлттың рухын көтеріп, ұлттық дүниетанымға бастайды.

«Эпостық дастандардың шығу тегі сөз болғанда олар тұрмыс-салт жырларының негізінде туды деп айтуға кәміл болады», – деп жазды Мұхтар Әуезов.

Бұдан біз тұрмыс-салт жырларының ертеден келе жатқанын оның өлмес мұра екенін көреміз. Сол асыл мұраны еске салып, дастандарында қазақтың тұрмыс-салтын, дәстүрін, әдет-ғұрпын, қасиетті қара өлеңді қастерлей жырлаған Нұрхан ақын жырлары да өміршең!

Жоқтау – сонау көне түркі заманынан (V-VIII ғасырлар) келе жатқан әдет-ғұрып, тұрмыс-салт жырларына жататын көне жыр. Нұрекең осы жоқтау үлгісімен «Аманкелді» дастанында Аманкелдінің «Балымды жоқтауынан» келтіруі (Әрине өзі шығарған – С.О.) оқушысын қазақтың әдет-ғұрып дәстүрінен де хабардар етіп, әрі сонысымен халық жүрегіне жақындай түскен:

Айдан сұлу ажарым,

Күннен сұлу жарығым,

Ақылдың кені кемеңгер,

Кеудеңнен сөнді жарығың.

Өрге жүзген нағандай

Үздік туған алыбым,

Дүмпименен жер жардың,

Жағанға кетті дабылын.

Адасқан қаздай аңырап

Артында қалды-ау Балымың.

Ашылмаған тоятты,

Жетілмеген қанатты

Ұяда қалды жаутаңдап

Рамазан пен Шәрібің.

Мұның бәрі ақынның өз халқының шұрайлы тілін сіңіріп өскендігінің айғағы. «Тілдің міндеті – ақылдың андауын аңдағанша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау» (А. Байтұрсынұлы).

Тілді білу дегеніміз Нұрханша білу болып шығады. Ақын үшін керегі де осы. Нұрханның сөз саптасы неге дараланып тұрады десек, халықтың тілін мейлінше игеруінде жатыр. Ол да талант. «Нұрқанның поэмаларында халықтың тіл қазынасының асыл маржандары жарық шашады. Адымын жай тастап, шапқан аттың шаңын жұтпай, соңғы айналымдарда құстай ұшатын құлагердің шабысын аңғартады. Көңіл күйінің драматизмін, адамның жан дүниесінің күрделі құбылысын сезгіштігі, интонация байлығы, диалогтар дәлдігі сүйсінтеді»], – деп Сырбай Мәуленов айтқандай, Нұрханның, әсіресе, дастандарының тілі шұрайлы. Нуға салған түлік нудан бас алмайды емес пе?! Нұрхан да халықтық тілдің нуына дендеп енгендіктен де сонының шырайын сорып, ауызынан  бал төгеді. Ол тілді біледі. Тілден керегін, ең асылын, қолайына сай келетінін қиналмай алады. Халқының тілін алай да ойнатады, бұлай да ойнатады. Сондықтан да, оның шығармасы теңізден тапқан маржандай, судан алған сүйріктей жұтынып тұрады. Айтар ойын аз сөзбен жүрегіңе тереңнен шымырлатып жеткізеді. Оның дастандарының оқиғалары көз алдында өтіп жатқан кинодай қызғылықты, дәмді. Басынан бастап, аяғына дейін сол қызықты киноны түгел көріп шықпай, орныңнан тапжылмайсың, әттең, қазіргі жастар кітап оқымайды. Нұрханның кітаптарын парақтап көрсінші, тамсанып таңды таңға асырар еді. Нұрекең жеткізбейтін сағым, қазақ өлеңі көгінде дара тұрған дарын!

 

 Серікбай Оспанұлы

 

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақынға «Жасауыл қырғыны» дастаны үшін Абай атындағы республикалық сыйлық берілген. Осы «Жасауыл қырғыны» қалай жазылды?

Нұрхан Ахметбеков Кенесары, Наурызбай көтерілісін ашық қолдап, оларды мақтап жазды. Онысы ел аузына тарап кетеді.

Партияның орталық органы – «Правда» газеті 1950 жылы 26 желтоқсанда «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-­лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақала жариялап, Ақын Қалижан Бекқожиннің «Батыр Науан» поэмасын, ғалым, сыншылар Қайым Мұхаметханов, Е. Ысмайылов, Е. Бекмахановтар, Кенесары Қасымов қозғалысы тарихын жазғандары үшін «буржуазияшыл-ұлтшыл» атанып жатқан ауыр кезең.

Бір ауыз сөз арнаймын Қаламанға,

Біздей боп өтіріктен жазаланба.

Тұтқында сен байлаулы, мен бос тұрсам,

Жолсыздық, сенен қылмыс таба алам ба?

Шот маңдай, шүңірек көз, таңқы мұрын,

Зинақор әйелдерше тазаланба!

Орыстың канден иті секілденіп,

Шатылып құр бекерге абалама!

Былығын кылмысыңның ашып берсем,

Ақ ұрып ақ едім деп назаланба!

Сенікі – арыз жазып елді бұзу… –

деп өзі айтқандай, Қаламан сияқты белсенділер Нұрханға да ауыз сала бастайды. 1932 жылы жала жабылып сотталып, Торғайдан Ақтөбеге (Торғай ол кезде Ақтөбеге карайтын – С.О.)жаяу айдалғаны бар ақын Алматыдан бір-ақ шығады. Ол кезде Қайнекей Жармағамбетовтың дүрілдеп тұрған шағы. ҚЛКЖО Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, «Әдебиет жене искусство» (казіргі «Жұлдыз») журналының редакторы, КазПИ-дің доценті, сабақ береді. Қайнекей: «Сотталғың келмесе, поэманы Кенесары, Наурызбайларды қанішер етіп көрсетіп кайта жаз» дейді.

Сөйтіп Нұрхан дастанды бастан-аяқ қайта жазып шығады. Қайнекей дереу «Әдебиет және искусство» [Жасауыл қырғыны // әдебиет және искусство №8, 1951] (казіргі «Жұлдыз») журналына бастырып, сөз болмасын деп оған тағы да мынадай анықтама береді: «Нұрхан Ахметбеков «Жасауыл қырғыны» атты поэманы 1932 жылы жазып, 1936 жылы қолжазбасын сол кездегі ССРО Ғылым Академиясы қазақстандық филиалының әдеби секторына өткізеді. 1939 жылы поэманың алғашқы вариантына бірсыпыра өзгерістер енгізеді. 1951 жылы поэманы қайта қарап шығып жариялауға ұсынады. Біз поэманың осы соңғы вариантын жариялап отырмыз. Редакциядан».

Қайнекей мұнымен де коймай, сол 1951 жылы Қазақстан Орталық Комитетінің VIII пленумында Қазақстан К(б)ІІ Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов «Рес­публиканың партия ұйымдарында идеологиялық жұмыстың жайы және оны жақсарту шаралары туралы» баяндамасында да «Кенесарының қозғалысына баға берудегі идеялық күрес бұрын да болып келді. Кенесарыны жөне оның нөкерлерін жырлаған Нысанбайдың, Досқожаның және реакцияшыл хан сарайы ақындарының поэмаларын басқа, Кенесарының және оның нөкерлерінің рақымсыздығын, айуандығын әшкере-лейтін «Жасауыл кырған» (Журналда осылай жазылған – С. О.)деген поэма және басқалары халық арасында таралып жүрді» [15; 5] деп ендіріп жібереді.

Әйтпесе поэмаға берілген анықтамада көрсетілген 1932, 1936, 1939 жылдары, тіпті одан кейін де Нұрхан Ахметбековтың Кенесары, Наурызбайды жауыз етіп көрсетіп жазуы мүмкін емес еді. Өйткені халық ақындары (Нысанбай, т.б. – С. О.) жырларында да, мектеп окушыларына арналған окулықтарда да (9 сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығы. 1949), тарихта да, ел аузында да Кенесарыхалық батыры ретіндетанылып, дәріптелетін. Тек Бекмаханов, Жұмалиев, Бекхожин, Мәметоваларғанаемес, Мұхтар Әуезов те («Хан Кене» 1928), Сәбит Мұқанов та («Балуан Шолақ» повесть 1942, «Жайлауда» поэма. «Қызыл Қазақстан» 1951. №22, 87 б.) ҒабитМүсірепов те КенесарыҚасымовтыұлт-азаттықкөтерілісінің батыры етіпкөрсетсе, солкездегіҚазақстан К(б)П ОрталыкКомитетініңБіріншіхатшысыЖұмабайШаяхметовтің өзі де Кенесары, Наурызбайкөтерілісінекезіндедұрыскөзқарастаболған. Оны сол 1951 жылғыҚазақстан К(б)П ОрталықКомитетініңҮіПпленумындажасағанбаяндамасында «Мен 1944 жылыАманкелдіИмановтыңқайтыс болуына 25 жылтолуынаарналған «СоциалистікҚазақстан» газетіндемақаламдаелеулісаясиқатежібердім, –депөзі де мойындаған. – Қазақжауынгерлеріннеміс-фашистергеқарсыкүресугешақыраотырып, мен олардыөздерініңдаңқтыбабаларыналайықтыболуғашақырдым, сөйтіп, Сырымның, Исатайдың, Махамбеттің, АманкелдініңесімдеріменқатарАбылайдың, Кенесары мен Наурызбайдыңаттарын да атадым…»[14; 12].

Осы секілді Ғабит Мүсірепов те «…Сәрсен Аманжолов тағы басқалары біз жазған 10 классқа арналған әдебиет кітабын Кенесары жөнінде дұрыс сынаған. Асқар Тоқмағамбетов пен Мариям Хакімжанова жолдастардың шығармаларын тексерген жерлерде Кенесарыны біз де дәріптеп қойыппыз» [16; 64].

Кеңес үкіметі тұсында бәрі бұрмаланып көрсетілгеннің бір айғағы осы емес пе?! Нұрханның «Жасауыл қырғыны» да осындай өсерімен өсіп, өзгертіп қайта туған. Бұл жайында Қайнекей Жармағамбетов ашына айтып, Нұрекеңнің батырағаларына күйе жаққысы келмегенін, тек амалы жоқтықтан жазғанын талай жеткізген. «Поэманы қайта жазғанда біздің үйде болды. «Ішпей-жемей қалай өтірік айтамын, бірдеме тастап кет», дейтін. Бірдемесі «жартылық». Жұмыстан қайтып келсем, кейде 3-4 шумақ қана жазып, «анауың бітіп қалды» деп қарап отыратын. Анауысы, әрине, арақ», – деп қарқылдай күлетін, марқұм.

Жаңалықтармен бөлісу