Ақын Жолбарыс қажы Баязид дүние салды

Ақын Жолбарыс қажы Баязид дүние салды

Қостанайлық қаламгер, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, акбар қажы Жолбарыс Баязид 90 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Жолбарыс қажы 1934 жылы 6 мамырда Қостанай облысы Меңдіқара ауданының «Үлгілі» ұжымшарында дүниеге келген. 1956 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, 1968 жылы Алматыдағы екі жылдық жоғары партия мектебін бітірген. Еңбек жолын «Жас Алаш» (бұрынғы «Лениншіл жас») газетінде бастап, ұзақ жылдар бойы Қостанай облыстық “Қостанай таңы” газетінде, жергілікті радиода, Жангелдин аудандық газетінде, облыстық мәдениет басқармасында, облыстық телерадио компаниясында жауапты қызметтер атқарды. Өлеңдері 1976 жылдан бастап облыстық, республикалық газет-журналдарда үзбей жарияланып келді. « Бақытымның бұлағы », «Жыр-ғұмыр», «Жыр-дүние», «Жыр мен сыр», «Махаббат оты сөнбейді», «Ақиқаттың ақ шыңы», «Аққу сезім», «Өң мен түстей дүние», «Бақытымның бұлағы», «Ащысын татпай жалғанның» атты өлең жинақтарының авторы. 2004 жылы Қостанай облыстық меценаттар клубының «Қазына» сыйлығын, «Құрметті қажы» алтын төсбелгісін иеленген. 2008 жылы «Астанаға 10 жыл» медалімен марапатталған. Қостанай қаласының Құрметті азаматы. Қалың көпшілікке танымал “Қыздарға әсемдік жарасады” және басқа да көптеген ән мәтіндерінің авторы. Әндерін Қайрат Байбосынов, Байғали Есеналиев, Сәкен Қалымов, Гүлмира Ақүрпекова, Ескендір Хасанғалиев, Ұлжан Айнақұлова, Сәкен Майғазиев сынды белгілі әншілер үлкен сахналарда орындап жүр. Өмірінің соңына дейін қолынан қаламын тастамай, өңлең-толғаулар жазып, қоғамдық, рухани іс-шаралардың бел ортасында жүріп, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге бола білген тұлға еді…

Зайыбы Зейнел қажы Мұқашқызына, туған-туыстарына көңіл айтамыз. Алла панасына алып, жаны жәннатта дамылдасын.

8 желтоқсан, жұма күні сағат 10:00-де Жайлаубай ата мешітінде марқұмның жаназасы шығарылады. Түскі сағат 12.00-де Қостанай қаласындағы “Астам” мейрамханасында асы беріледі.

Жаңалықтармен бөлісу