Қостанайдағы экология фестивалінің биыл ауқымы ерекше кеңейіп, екі жүзден астам қатысушы жиналды.
Экологияға бейжай қарамайтын оқушылар, жас волонтерлер, мұғалімдер, экобелсенділер мен серіктес ұйымдар бас қосып, табиғат қорғау бағытындағы бастамалардың қорытындысын талқылады.

Фестивальге арнайы «Тазалық -2012» ЖШС, «Горизонт», «Атамекен 4+» ұйымдары шақырылып, өз салаларындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Қалалықтармен қатар Қостанай мен Федоров, Сарыкөл, Ұзынкөл аудандарынан келген мектептер де экологиялық жобаларымен қатысып, өңірдегі экосалалық мәдениетті арттыруға өз үлестерін қосты.

Фестиваль аясында балаларға арналған тимбилдинг ұйымдастырылды, түрлі экологиялық жаттығулар мен ойындар өтті.
Мамандардың қатысуымен дөңгелек үстел өткізіліп, аймақтағы экологиялық жобаларды дамыту жолдары талқыланды.

«Неко» клубының жетекшісі Наурызбек Бірмағамбетовтың айтуынша, ұйымның бүгінгі деңгейге жетуі бір күннің жұмысы емес.

2018 жылы бастамашыл жас эко-топ ретінде құрылған ұйым 2021 жылы «ГрИн» азаматтық альянсының қолдауымен ресми қор болып қалыптасты.

«Сол уақыттан бері Zero Waste бағытындағы жобалар, қалдықтарды сұрыптау, жылыжайлар салу, вермиферма енгізу, экологиялық ағартушылық циклдер секілді ондаған бастамалар жүзеге асырылып келеді. 2023–2024 жылдары аймақтық және ұлттық деңгейдегі гранттық байқауларда жеңіске жетіп, 2024 жылы «Жасыл мектеп», биогумус және эко-лагерь жобалары іске қосылды. 2025 жылға қарай Эко-орталық жұмысы кеңейіп, жаңа бағдарламалар ашылып жатыр», – дейді Наурызбек Бірмағамбетов.
Клубтың негізгі міндеті — волонтерлік бастамаларды дамытуға жағдай жасау, жастардың экологияға деген қызығушылығын арттыру, халықаралық және мемлекеттік бағдарламалар арқылы жобаларды жүзеге асыру.

Ұйым қайырымдылық бағытында да белсенді жұмыс істеп, түрлі мекемелерге экологиялық кеңес береді. Мәдени-ағартушылық және спорттық шаралар ұйымдастырады. Бүгінде облыстың барлық аудандарында жұмыс істеп, ауылдық округтерден бастап қалалар мен жоғары оқу орындарына дейін экологиялық жобаларды енгізіп үлгерген.
«Биыл 15 жобаны жүзеге асырдық. Еуроодақтан алынған грант арқылы «Таза Қазақстан» бағдарламасының мониторингі жүргізілді. Қостанай облысының бес ауданында жылыжайлар орнатылып, ЮНЕСКО-мен бірлескен білім беру жобасы арқылы 120 мектеп қамтылды. Жыл бойы ұйымдастырылған сенбіліктер мен экологиялық ойындар нәтижесінде 20 тоннадан астам қоқыс шығарылып, 4 тоннадан астам макулатура, 660 килограмм батарейка жиналды. Өңір бойынша 50-ден астам пластик қақпақ жинау контейнері орнатылып, Қостанай қаласы мен ауданында 18 велосипед әлеуметтік жоба аясында таратылды», – деді клуб жетекшісі.
Осы қақпақ жинау науқанына қолы қалт еткенде экологиялық тігін өнімдерін өндірудің хас шебері Динара Шадрина көмектесіп жүр. Арнайы «Қоскөмек» қайырымыдлық жобасының негізін қалаған.

«Екі жылда жарты тонна қалдық шығардық. Екі қыз балаға көмектестік. Жуырда ҚИнЭу базасында жасыл алаңның ашылуы болды. Өзге экорталықтаға ұқсамайтын аумақта шеберлік сағаттарын өткізіп тұрамыз. Бұл барлық салаға да қатысты деп айтқым келеді. Кімнің қандай идеясы болса, қатысуға болады. Экоклуб арқылы байланысқа шыға аласыздар. Мақсатымыз біреу – пластиканы азайтуға ұмтылу. Балабақшалардан бастап түсіндіру шараларын өткіздік. Жуырда шеберлік сабағын өткізуге мектептерге барамыз. Қыс айларында «Қоскөмек» қайырылымдылық жобасы аясында экскурция өткізу жоспарланып отыр», – деп хабарлады Динара Шадрина.
Жиында жыл бойы жалғасқан төрт түрлі байқаудың қорытындысы шығарылды. Макулатура, батарея жинау, экологиялық үздік жоба және үздік бейнеролик байқауларының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды.


Бір қызығы, батарея жинау байқауындағы қос үздіктің арасын бір келі салмақ бөліп тұр. Қалалық 18- мектеп 101 келі жинаса, 16-мектеп оқушыларының нәтижесі 102 келі. Маклатура жинаудан «ГАКО «ГРИН» қоғамдық қоры жеңімпаз атанды. 3, 23-мектептердің нәтижелері де үздік деп бағаланды. Сарыкөл ауданы Тағыл жалпы білім беретін мектебінің, Рудный қаласы 13- мектебі мен мүгедектерді қорғау орталығының, Қостанай ауданы Алтынсарин атындағы мектептің, Федоров ауданы балалар үйінің, «Айгерим Ай» жеке мектебінің, Қостанайдағы Абай, Қозыбаев мектептерінің бейне роликтері үздік деп танылды. Сарыкөл ауданы Тағыл жалпы білім беретін мектебі мен Қостанай ауданы Алтынсарин атындағы мектептің оқушылары үздік экономикалық жоба ұсынғандардың қатарында да бар. «EcoLife-KRU» экологиялық клубының жобасы да ерекшеленді.
Арлан Сейтжан форумның ең кішкентай қатысушысы. Арланның жасы он екіде. 29- мектепте білім алып жатыр.

«Осындай басқосулар арқылы әлеметттік қарым-қатынас орнатуға болады. Біз балаларымен танысып, көп тәжірибе жинап жатырмыз. Бірігіп ортаны тәртіпке келтіруге жұмыс істейміз», – деп ұмтылыс байқатып қалды.
Ал он бес жастағы Оралбай Ерасыл – Қостанай ауданы Алтынсарин мектебінің белсенді оқушысы. Оныншы сыныпта оқиды.

«Экологиялық клубқа жиі барып тұрамыз. Қоқыстарды жинаумен айналысамыз. Басты мақсатымыз – экологияны сақтау.. Адамдарға табиғаттың неге керегін түсіндіру үшін экофестиваль ұйымдастыруға тура келеді», – дейді ол.
Фестиваль соңында Наурызбек Бірмағамбетов бүгінгі шараның мәнін былай деп түйіндеді.

Ортақ мақсат табиғатты қорғау дағдысын балалық шақтан қалыптастыру, экологиялық жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу. Осы фестиваль мен жүзеге асырылып жатқан жобалар – осы жолдағы үлкен қадамдар. Өңірді жасыл бастамалардың орталығына айналдыру үшін жұмысты одан әрі жалғастыру Президент тапсырмасы.
Айбек ЖҮЗБАЙ
