«Қостанай Су» кәсіпорны базасындағы маңызды нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, жобаның өңір үшін стратегиялық мәнін атап өтті.
Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде халықты 100% қауіпсіз, сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын жеткізді.

«Осы басымдық аясында елімізде су инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жүргізілуде. Яғни, су тазарту, сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін салу және реконструкциялау жұмыстары басталды. Ашылып отырған жаңа су тазарту блогы осы бағыттағы маңызды қадамның бірі. Облыс орталығында тәулігіне 100 мың текше метр су тазартуға арналған су тазарту нысандарын реконструкциялау мен қалпына келтіру жұмыстарының бірінші кезегі аяқталды. Бұл жобаны іске асыруға 7,2 млрд теңге бағытталды. Қостанай, Рудный, Жітіқара қалаларында және Б.Майлин ауданында жалпы құны 20,1 млрд теңгені құрайтын бес жоба іске асырылып жатыр. Қостанай қаласында су тазарту нысандарын реконструкциялаудың алғашқы кезеңі де сәтті аяқталып, іске қосылды. Енді жаңа қуаты 50 мың текше метрлік блок іске қосылып отыр. Бұл 276 мыңнан астам тұрғын үшін судың сапасын айтарлықтай жақсартады», – деді облыс әкімі.
Құмар Ақсақалов өз кезегінде мереке қарсаңында атқарылған ауқымды жұмысқа тоқталып, барша қостанайлықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Жобаның жалпы құны жеті млрд теңгеден асады. Су тазарту жүйесіне толық автоматтандырылған технологиялар енгізілген.

Реагенттерді мөлшерлеу, судың сапасын бақылау, техникалық жабдықтардың жұмысы цифрлық басқаруға көшірілді. Бұл өз кезегінде тазарту тиімділігін арттырып, адам факторының ықпалын азайтады. Кәсіпорын директоры жаңа блогтың бұрынғы жүйеден түбегейлі өзгеше екенін айтады.
«Бұл блокта барлық процесс жоғары деңгейде автоматтандырылды. 1991 жылы іске қосылған екінші блок пен 60-жылдардағы бірінші блок бүгінде тоғаны белгілі. Сол себепті жаңа кешен салу қажеттілігі туындады. Жоба аясында ғимарат салынды, реагент шаруашылығы жаңартылды, жылы автопарк, жөндеу қызметтеріне арналған цехтар бой көтерді. Барлығы дерлік жаңа технологиямен жабдықталған», – деді «Қостанай Су» кәсіпорнының басшысын Қазбек Шалабаев.
Өндірістік аумақта үш шақырымнан астам электр кабелі, 900 метрге жуық су құбыры тартылып, жаңа жылу трассасы салынған.

Жобалық қуат тәулігіне 100 мың текше метрге дейін жетеді.

Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, жаңа блок іске қосылғаннан кейін судың сапасы айтарлықтай жақсарып, қысым тұрақтайды. Сондай-ақ жоспарлы жөндеу кезінде қаланың судан толық ажыратылу жағдайы азайып, жүйенің сенімділігі артады.

«Біздің су – тірі су. Біз адам денсаулығына зиянды қоспаларды ғана тазартамыз, ал судың табиғи минералдық құрамы сақталады. Сондықтан сатып алынатын ыдыстағы су «таза» деп есептелгенмен, біздің судан артық емес», – дейді директордың кеңесшісі Сергей Кривошеев.
Судың құнына келсек кеңесшінің сөзінше тариф тек шығынның объективті өсуіне байланысты ғана реттеледі. Заңсыз немесе негізсіз көтеру жоқ. Қазіргі таңда бағаны өсіру туралы нақты шешім қабылданбаған.

Салтанатты іс-шара барысында кәсіпорында 35 жыл еңбек еткен, су тазарту құрылғылары бөлімінің бұрынғы басшысы Лариса Пыленок та сөз сөйледі.

«Мен бірінші блоктың да, екінші блоктың да іске қосылуына қатыстым. Енді міне, үшінші жаңа блоктың ашылғанын көру – мен үшін үлкен қуаныш. Бұл Қостанай үшін тарихи оқиға. Басты басты жұмысымыз халыққа сапалы ауыз су жеткізу. Бұл іске атсалысқан барлық маманға алғыс айтамын», – деді ол.
Өңір басшысы жаңа су тазарту блогын іске қосуға ишара білдірген сәтте, сарқырамадан аққандай таза су сарылдап қазан-шұңқырларға құйыла бастады.

Облыста биыл ауыз су және су бұру саласы бойынша 54 жобаға 32,3 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар 2024–2026 жылдарға арналған келесі кезектегі реконструкцияға да қаржы қарастырылған.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген
Бердіболат Көркембаев
