Қостанай облысында барлығы 450 мемлекеттік денсаулық сақтау мекемесі бар. Облыс халқын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету денсаулық сақтау саласының басты міндеттерінің бірі екені белгілі. Десе де бұл жағдайда да шешімді қажет ететін мәселелер бар. Бүгін облыс әкімдігінде өткен кезекті аппарат жиналысында өңір халқын тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайы қаралды.
Облыс көлемінде өткен жылы стационарлық ем үшін жалпы сомасы 8,1 миллиард теңгеге дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар сатып алынған. Ал биыл 7,4 миллиард теңге бөлініп отыр. Тамыз айынан бастап облыс аумағындағы үш медициналық ұйымда госпитальдық фармация бөлімшелерін ашу жұмыстары жүргізілуде. Олардың бірі Қостанай облыстық ауруханасында болса, оған қоса Қостанай мен Рудный қалаларындағы екі көпсалалы аурухананы жатқызуға болады. Әзірге мұндай бөлімше тек Рудный қалалық ауруханасында жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін облыстың қалған 26 медициналық ұйымында госпитальдық фармация бөлімшелерін ашу көзделген.
«Қазіргі уақытта амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қиындық туғызып тұр. Ол 2021 жылдың 5 тамызындағы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің №75 бұйрығымен бекітілген дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың тізіміне сәйкес жүзеге асырылады. Тізімге үш қамтамасыз ету пакеті бойынша жүзеге асады. Дәрі-дәрмекті сатып алу мен жеткізуді «СК-Фармация» ЖШС жүзеге асырады. Барлығы диспансерлік есепте түрлі аурулармен тіркелген 180 мың адам тұр. Жүрек-қан тамырлары, тыныс алу органдарының, эндокриндік жүйе, жүйке жүйесі, онкологиялық және басқа аурулармен есепте тұрады», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев.
Биыл амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қажеттілік 13,8 миллиард теңгені құрайды, оның ішінде 11,8 миллиард теңге республикалық бюджеттен болса, 2 миллиард теңге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен. Осы жылы дәрі-дәрмектерді жеткізу уақтылы басталған. 1 наурызға дейін облысқа 4,7 миллиард теңге сомасында дәрі-дәрмек жөнелтілген.
«Сіздің қолдауыңыздың арқасында, облыстық бюджет бекітілгенде 556,5 миллион теңге қаржы бөлінді, бұл өткен жылғы сомадан 2,5 есе көп, осылайша сирек кездесетін ауруы бар 75-тен астам науқасты қымбат дәрі-дәрмекке қол жеткізе алады», – деді Данияр Жандаев.
Жалпы алғанда, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қанағаттанарлық жағдайда өтіп жатыр. Алайда шешімді қажет ететін бірқатар мәселелер де бар.
«Алдымен дәрі-дәрмектердің сатып алынуы мен жеткізілуіне қатысты қиындықтар бар. Басқа елдерде өндірілген дәрі-дәрмектер біздің елде тіркелмегендіктен жеткізушілер ала бермейді. Жаңадан тіркелген науқастарды қамтамасыз ету үшін уақыт қажет. Түрлі аурулардың туындауына байланысты дәрі-дәрмектерді тағайындау да өзгеруі мүмкін. Келер жылға арналған онкологиялық аурулармен күресу бойынша кешенді жоспар аясында пациенттерді қамтамасыз ету мәселесі шешілмей отыр, «Қазақстан Халқына» қоры мен хат алмасу жалғасуда. Адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау да жоспарлы орындалмай тұр»,
– деп бірқатар мәселені тізбектеді басқарма басшысы.
«Бүгінгі таңда біздің алдымызда тұрған басым міндеттердің бірі медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру. Ол үшін жыл сайын денсаулық сақтау саласының бюджеті ұлғайтылып келеді. Ағымдағы жылы ол 110 млрд теңгеден асты, бұл өткен жылғы деңгейден 1,5 млрд.теңгеге жоғары. Сонымен қатар, өткен жылмен салыстырғанда едәуір қаражат медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға бағытталды. Егер өткен жылы 4 млрд. теңге болса, биыл 7 млрд. теңге бөлінді. Сондай-ақ, бюджеттен сирек кездесетін аурулары бар науқастар үшін өмірлік маңызды дәрі-дәрмектерді сатып алуға 556 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл жұмысты біз жыл сайын жалғастыратын боламыз. Осы орайда, дәрі-дәрмек бағаларының жыл сайын өсуін ескеру қажет. Соның салдарынан әрбір науқасқа бөлінетін орташа шығындар да артуда. Мысалы, 2023 жылы бұл көрсеткіш 90 мың теңге болса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 132,4 мың теңгеге жетті, ал ағымдағы жылдың соңына дейін бұл сома 140 мың теңгеге дейін жетеді», – деді облыс әкімі.
Қазіргі уақытта халықты алаңдататын басты мәселе – дәрі-дәрмектердің бағасы мен жоқтығы. Әсіресе ауылдық жерлерде жағдай қиын. Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау комитеті дәрі-дәрмектердің бағасын тұрақты түрде мониторинг жүргізуі керек. Бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу қажет.
«Маңыздысы, өңірдегі барлық медициналық мекемелер қажетті дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Әрбір адам, тұрғылықты жеріне қарамастан, өмірлік маңызды дәрі-дәрмектерге қол жеткізуі керек. Жалпы, денсаулық сақтау басқармасы «СК-Фармациямен» бірлесіп, әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде халықты тегін дәрілік заттармен қамтамасыз еуді жалғастыру қажет. Сондай-ақ облыс тұрғындарына арналған қажетті дәрілік препараттарды сатып алу және жеткізу мерзімін қысқарту мүмкіндігін қарастырсын», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА