Науқан немқұрайлылықты көтермейді

Науқан немқұрайлылықты көтермейді

Мемлекет басшысының 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін екі есе  ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде облыс аудандарында егіс алқаптарының құрылымдары әзірленді.

Соған сәйкес, көктемде 5,1 млн гектарға тұқым себу жоспарланып отыр. Бұл туралы өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың жетекшілігімен өткен кеңесте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамбетов баяндап берді.

Айтуынша, биыл дәнді дақылдар 4,2 млн.гектар алқапқа себілмек.  “Жол картасының”  жем-шөпке қатысты көрсеткіштері де  артығымен орындалады. 95 мың гектарға бір жылдық шөп егіледі. Өткен жылдардағы көпжылдық шөптердң көлемін ескерсек, жалпы жем-шөп алқабы 527 мың гектарға дейін ұлғаяды.

“Облыс әкімі орынбасарының “Жол картасын”  орындау  туралы қолы қойылған хаты қайтара жіберілсе де, кейбір ауданда әлі күнге дейін дақылдарды себу көлемі анықталмаған.  Аудандарға майлы дақылдардың алқабын   750 мың гектарға ұлғайту туралы ескертілсе де, бүгінде оның көлемі 731 мың гектардан аспай тұр.  Тек, Федоров ауданында ғана  19 мың гектар  жетіспейтіндігі  расталды. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық – түлік өнімдері бойынша  аудандарға қарақұмық алқабын   20 мың гектарға ұлғайту міндеттелсе,  оның көлемі әзірге  19,5 мың гектар шамалас. Б.Майлин атындағы ауданда 500 гектар жетпейді. Биыл өңірде 4 мың 900 гектарға картоп егу жоспарланса, соның 4 мың 477 гектары ғана есепте. Б. Майлин ауданы бойынша – 148 га, Жанкелдин ауданында  – 75 га, Федоров ауданында – 120 га, Арқалық қаласында – 80 гектар кем”, – деді облыстық басқарма басшысы.

Ибрагим Бекмұхамбетов биыл көктемгі егіс жұмыстарына 514, 2 мың тонна тұқым қажеттігін алға тартты. Ал аудан әкімдіктерінің есебіне сүйенсек, тұқым  толық көлемде дайындалған. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тұқым тапшылығы проблемасын қажетті мөлшерде шешілмей жатқандығын бірнеше рет айтқан. Осыған байланысты аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдеріне тұқымның  бар-жоғын тағы бір рет тексеру тапсырылды. Әзірге қолда  498,5 мың тонна немесе қажетті мөлшердің 97%-і  бар екені анықталды. 18,8 мың тонна тұқым  жетіспейді. Яғни,  Аманкелді ауданына – 3385 тонна, Жітіқара ауданына – 9474 тонна, Арқалық қаласына 5920 тонна тұқым қажет. Бірқатар ауданда майлы тұқым атымен жоқ.

Тағы бір мәселе – минералды тыңайтқыштарды сатып алу жұмысы сын көтермейді.  Бүгінгі таңда облыс бойынша тек 2180 тонна сатып алынған.  “Жол картасына”  сәйкес облыстың  алдына биыл алқаптарға 256 мың тонна минералды тыңайтқыш себу міндеті жүктелген. Сондықтан, аудан әкімдіктері бұл мәселеге немқұрайлы қармауы тиіс.

“Көктемгі дала жұмыстарының басталуына өте аз уақыт қалды. Негізгі мәселе, ол тұқыммен қажетті мөлшерде қамтамасыз ету. Облыста тұқым жеткілікті. Элеваторларда жатыр. Оны біз түгел пайдалануымыз керек. Бірақ, кей шаруашылықтың проблемалары  әлі толық шешілген жоқ. Оны көріп отырмыз. Сондықтан, аудан әкімдері көктемгі егіс басталмас бұрын мұны дереу шешуі керек”, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысы алқаптарды әртараптандыру шарасының  маңыздылығына айрықша тоқталды. Өңірде майлы дақылдардың үлесін әлі де арттыра түсу керек.  Өйткені, майлы дақылдардың рентабельділігі өте жоғары. Табысы екі есе жоғары.

“Былтырғы жиын-терімнің күрделілігіне қарамастан, майлы дақылдардың түсімі өте жоғары болды. Бұл жұмысты жалғастыруымыз керек. Біз биыл 14%-ке артық себеміз. Сондықтан, аудандар майлы дақылдардың тұқымын дайындауы керек. Минералдық тыңайтқыщтарды қолданған жөн. Өйткені, топырақтың құрамындағы  қарашірік  азайып кетті. Минералдық тыңайтқышсыз оны қалпына келтіру мүмкін емес. Жерді аялап, баптасаң ғана жемісін береді. Өкінішіке қарай, бұған көбісі  нақты  көңіл бөлмейді. Аудан әкімдіктері ауыл шаруашылығы тауар өндіруішілерімен бірге мұны айрықша назарда ұстауы керектігін тапсырамын”, –  деді Құмар Ақсақалов.

Айта кету керек, биыл өңірде көктемгі егіске 21,9 мың трактор, 1,3 мың егіс кешендері, 21,8 мың сепкіштер жұмылдырылмақ. Қазіргі таңда қолдағы техниканың 93%-і дала жұмыстарына дайын. Облысқа тауар өндірушілер үшін құны 1 литрі 250 теңгеден аспайтын 79,6 мың тонна дизель отыны бөлінді.

Әлібек ЫБЫРАЙ

 

 

Жаңалықтармен бөлісу