Надежда ел чемпионы атанды

Надежда ел чемпионы атанды

Қарағанды қаласында өткен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатынан жерлесіміз Надежда Рябец жеңіспен оралды. Барлық қарсыластарын жеңіп, жеңіс тұғырынан көрінген Надежданы қостанайлықтар теміржол вокзалынан құшақ жая күтіп алды.

“Бұл чемпионат Қазақстан Республикасының ұлттық әйелдер құрамасын құруға негіз болды. 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Олимпиада ойындарына дайындықтың басы деп білемін”, – дейді халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Чемпионат барысында Надежда Рябец 81 келіге дейінгі салмақта ұлттық құраманың көшбасшысы атанған болатын.

“Шәкіртім бұл жарыста үш кездесу өткізді. Басында оңай болғанымен Ақмола облысынан келген келесі қарсыласы оңайлықпен берілген жоқ. Жамбылдық былғары қолғап шеберімен соңынан айқасуға тура келді. Бұл жарыс бізге жақсы бір дем берді деп айтсам болады. Алда оқу-жаттығу жиындары күтіп тұр. Келер жылы екі халықаралық бәсекелер бар”, – дейді бапкері Роман Миничкин.

Надежда — Қостанай облысының әйелдер боксының жалғыз өкілі және Олимпиада ойындарының қатысушысы. Ол жарты жылдық үзілістен кейін үлкен рингке оралып, салмақ ауыстарды. Үлкен тәжірибенің арқасында бұл біріншілікті алып шыққан жайы бар.

Надежда – үш дүркін Қазақстан чемпионы. 2023 жылы Нью-Дели қаласында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері және 2018 жылғы Буэнос-Айрестегі Жасөспірімдер Олимпиадасының қатысушысы, бокс мектебінің оқытушысы.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу