Облыс әкімі Торғайдағы музейге көлік сыйлады

Облыс әкімі Торғайдағы музейге көлік сыйлады

Таяуда Торғай төсінде дүбірлі той өткені мәлім. 2025 жылдың 20-21 қыркүйек күндері Жангелдин ауданында Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, ағартушы, ақын, жазушы, публицист, қоғам және мемлекет қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілді.

Алаш арыстарын дәріптеу жолында Торғай музейлер кешенінің орны бөлек. Киелі топырақта 6 музей жұмыс істеп тұр.

Облыс басшылығы Торғай музейлердің елеулі еңбегін ескеріп, Торғай музейлер кешеніне жаңа автокөлік табыстады. Автокөліктің кілтін облыс әкімі Құмар Ақсақалов Арқалыққа келген жұмыс сапарында кешен басшысы Гүлбану Сәрсекейге салтанатты түрде табыс етті.

«Биылғы жыл еліміз үшін ерекше жыл болды. Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының мерейтойы аталып өтті. Республикалық деңгейдегі іс-шаралармен айшықталған той өте жоғары деңгейде көрініс тапты. Еліміз үшін, оның ішінде ұлт асылының кіндік қаны тамған Торғай жері үшін, әсіресе Торғай музейлер кешені үшін өте елеулі іс. Ахмет пен Міржақыптың әдеби музейіндегі жәдігерлерді арқау етіп, Міржақып Дулатұлының мерейтойына жыл бойы жұмыс істедік. Жалпы музей ұжымының істеп жатқан жұмысына баға беріп облыс әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақаловтың қолынан темір тұлпардың кілтін алып жатқанымызға зор қуаныштымыз. Облыс басшысына, оның орынбасарларына, мәдениет басқармаларының басшыларына үлкен алғысымызды білдіреміз», –дейді Торғай музейлер кешенінің басшысы Гүлбану Құлетқызы.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев

 

Арқалық қаласы