Облыс әкімі жұмыс сапары барысында қалада істелініп жатқан біраз жұмыстардың барысына көзбен көріп, арнайы танысып шықты.
Президент тапсырмасына сай Арқалық әуежайының құрылысы басталып жатыр.
Қазығы қағылып, құрылысшылар іске жұмылып кеткен. Енді, бұл жерден заманауи жаңа үлгідегі аэропорт бой көтеретін болады. Ұшу-қону алаңы да талапқа сай жөнделеді.

Қостанай облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Алмаз Есенжолов мәлімдегендей әуежай ғимаратының құрылыс жұмыстары күз бойы қарқын алып, қыс айларында ішкі жұмыстары жүргізіледі.
Қазір мұнда 70 адам, 35 бірлік техника жұмылдырылған. Алдағы қазан айында жұмыс істейтін адам саны 150-200-ге дейін ұлғаяды. Құрылыстың мердігері қостанайлық «Стройэлитдом» компаниясы. Бұл азаматтар тыңғылықты, әрі сапалы жұмыстарымен танылған.
Бұрнағы жылы су тасқынынан зардап шеккен Жангелдин ауданына қарасты Көлқамыс ауылын қайта қалпына келтіріп, жаңа үйлерді салып берген де осы жігіттер.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
