Арқалықтықтар 3 желтоқсан – Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күні мерекесін атап өтті.
Атаулы күнге орай «Жасұлан» жасөспірімдер орталығында өткен «Рухы биік жандар» атты салтанатты жиында қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтау сөз сөйлеп, осы салада үлгілі еңбегімен көрініп жүрген мамандарға сый-құрмет көрсетті.1992 жылы БҰҰ ұйғарымымен бекітілген бұл күн мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғауға, олардың мәдени өмірге араласуларына қолайлы жағдай туғызуға бағытталған. Арқалық қаласында 1689 мүгедектігі бар адамдар тіркелген. Оның ішінде балалардың үлесі 205 адам. Өңірде мүгедектігі бар жандардың қоғамда еркін қозғалыс табуына барлық мүмкіндіктер жасалған. «Сөйлейтін бағдаршамдар», «пандустар» орнатылуда. Көтергіш қондырғылармен қамтылған.
Мемлекет жыл сайын осы саланы қаржыландыруды ұлғайта түсуде.
Биыл облыстық сауықтыру орталықтарында 78 адам ем қабылдады. Мұның сыртында еліміздегі санаторилерде 81 адам денсаулығын көтеріп, 159 адам тірек – қимыл көмегін алды. Бүгінде мүгедектігі бар жандар жаңа мамандыққа оқып, өзінің жеке бизнесін ашып, кәсіпкерлік саласында ұлттық жоба аясында гранттарға ие болуда.
Қалада тәулігіне 15 мүгедектігі бар адамға медициналық көмек көрсететін «Жақсылық» сауықтыру орталығы жұмыс істейді. «Жыл соңына дейін осы орталықтың қамту мүмкіншілігін 25 адамға дейін жеткізу жоспарланып отыр»,-деді қала әкімі Әмірхан Асанов.
Мерекелік іс-шарада мүмкіндігі шектеулі жандардың қолымен әзірленген қолөнер бұйымдарының көрмесі назарға ұсынылды. Рухы биік жандар өнерлерін ортаға салып, ән айтып, би биледі.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор