Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының негізгі стратегиялық даму факторларының бірі. Өткен жылмен салыстырғанда, Жанкелдин ауданында мал басы саны артты. Осы жылы аудан шаруа қожалықтары жалпы сомасы 104 млн теңгеден астам қаржыға ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Бұл туралы аудан әкімі Шота Оспанов өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың халықпен кездесуінде баяндады.
Осыған байланысты аудан орталығына іргелес жерлерде орналасқан шаруа қожалықтары мен қарапайым халық арасында дау шешімін таппай келеді. Салдарынан мал азығының бағасы аудан тұрғындарына қымбатқа түсіп отырған жайы бар.
Торғай өзені мен Қабырғаға қарай ол жерлер кезінде елді мекеннің аумағына енбей қалған. Сол себепті, конкурстық негізде төрт қожалыққа меншігіне өтті. Алдағы уақытта иелерімен келісім бойынша жұмысты жалғастыра береміз. Қалған бос жатқан алаптар елді мекеннің аумағына өтіп, бұл маңайлардан кәсіпкерлерге жер берілмейтін болады, – деді аудан әкімі бұл туралы.
Аудан бойынша биыл 36 670 гектар, дәлірек айтқанда, 12 жер учаскесі қайтарылғанын айта кету керек.
Халыққа таза су керек…
Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жыл сайын жалғасуда.
Биыл Шеген және Сужарған ауылдары орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілетін болады. Осы жобаларды іске асыруға барлығы 1,1 млрд теңге бөлінді. Сужарған ауылында 60 үйге, 6 ғимаратқа, Шеген ауылында барлығы 69 үйге, 5 ғимаратқа су енгізілді.Торғай ауылында жаңадан 50 кубтық су мұнарасы орнатылды, қазіргі таңда іске қосу жұмыстары жүргізілуд”,– деді аудан әкімі.
Дегенмен кейбір тараптар осы мұнараның салынуына наразы. Себебі құны 50 млн теңгені құрайтын бұл жоба өзін ақтамауы мүмкін. Оған өзеннен келетін судың сапасы күмән тудырады. Шамасы келетін ағайын бұлақтан тасып ішіп, болмаса сатып ішіп отыр. Арнайы тартылған судың құрамы ішуге жарамсыз-мыс. Аудан әкімінің айтуынша, бұл мұнараның су сапасына мүлде қатысы жоқ. Суды көп мөлшерде сақтап, елге қолайлы тарату үшін қарастырылған. Әңгімеге осы арада облыс әкімі араласты.
Мәселенің анықтау үшін оны Қостанайдағы экспертиза зертханаларындағы тәуелсіз сарапшылардың қарауына берейік. Сол жерде су сапасын анықтап, көз жеткізгеннен кейін ғана санитариялық-эпидемиологиялық органдар сіздерге мән-жайды жергілікті бөлім арқылы хабарлайтын болады, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Жоспарда жол мәселесі
Ауданда ауыл арасын жалғайтын жолдардың мәселесі күрделі. Әсіресе, Саға, Ақшығанақ, Ақкөл ауылдарына елдің қатынауы жыл санап, қиындай түсуде. Биылдан осы мәселелердің шешу жолдары біртіндеп қолға алына бастады. “Көкалат-Көлқамыс автомобиль жолының құрылысы аяқталуға жақын. Оған дейінгі Шұбалаң-Қарасу-Көкалат тас жолы орташа жөндеуден өтті. Торғай-Шеген-Ақшығанақ автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстарының жалпы құны 570 млн теңгені құраса, оның 290 млн теңгесі биыл бөлінді. Мердігері «DSV» ЖШС ол қаржыны толық игеріп болды. Тоқанай-Саға-Бидайық жолының 49 шақырымының техникалық құжаттары жасалып мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Алдағы 2024-2025 жылдары жүзеге асырылу жоспарлануда, – деді Шота Оспанов.
Ел азаматтарының шапағаты
Аудан тұрғындары жетекші шаруа қожалықтарының игілігін көріп келеді. Соның бірі «Бикен» шаруа қожалығы. Жетекшісі Хамит Қарагұлұлы Шахин шаруа қожалық орналасқан жерге 30 млн теңге қаражатқа жаңадан екі қабатты тұрғын үй салып жатыр. Шаруашылық қазіргі таңда егін шаруашылығын да қолға ала бастады. Кезіндегі Алтынсарин кеңшарынан жер алып, келешекте егістік көлемін ұлғайтуды көздейді. Осылайша, елді мекеннің гүлденуіне сеп болып, жұмыс орындары ашылмақ.
«Сыма-К» шаруа қожалығының жетекшісі Манат Кәкімжанұлы Карбозов Көлқамыс ауылыныда өз қаражаты есебінен 22 млн теңгеге медпункт құрылысын жүргізуде. Одан бөлек, М.Кәкімжанұлының жетекшілігімен Көлқамыс ауылында жаңадан үй тұрғызылды.
Шаруа қожалықтары мен қарапайым халықтың арасындағы дау шешімін таппай келеді. Конкурстық негізде төрт қожалықтың меншігіне өткен. Мәселені анықтау үшін Қостанайдағы экспертиза зертханаларындағы тәуелсіз сарапшылардың қарауына берілетін болады.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ