Мотоцикл жүргізушілерінің қатысуымен қалада апта ішінде екі жағдай тіркелді
Бірінші апат Абай даңғылында болды. Полицейлердің алдын ала қорытындысы бойынша, автовокзал бағытында жүріп келе жатқан KIA көлігінің жүргізушісі солға бұрылған кезде қарсы бағытта келе жатқан мотоциклшіге жол бермеген.
Оқиға 21 жастағы мотоцикл жүргізушісінің ауыр жарақат алып, қалалық аурухананың реанимация бөліміне жеткізілуімен аяқталған. Ол туралы Қостанай қалалық полиция басқармасының аға инспекторы Әсемгүл Есенова айтып берді. Бүгінде жәбірленуші өте ауыр жағдайда.
Араға екі күн салып, мотоцикл жүргізушісінің қатысуымен тағы бір жол-көлік оқиғасы орын алды. 39 жастағы тұрғын көлікті басқара алмай, жол жиегіндегі бағанаға соқтыққан. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
Осы қайғылы оқиғаларды ескере отырып, полицейлер азаматтарды жол қозғалысы ережелерін, жылдамдық режимін, қашықтықты қатаң сақтауға және ұялы телефонға алаңдамауға шақырады.