Қостанай облысында табиғи монополиялар мен коммуналдық кәсіпорындардың 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмысын тексеру қорытындысы жарияланды. Брифинг барысында ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментінің бөлім басшысы Гүлнар Такенова анықталған заңбұзушылықтар, миллиондаған айыппұлдар мен шулы сот істерінің егжей-тегжейін бөлісті.
Департаментке келіп түскен шағымдар негізінде жыл басынан бері 7 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Соның ішіндегі ең резонансты заңбұзушылық Қарабалық кентінде тіркелді. Жергілікті тұрғын «Жылу» КМК үстінен арызданған. Белгілі болғандай, ол тұратын көпқабатты үйде жылу есептегіштері бар. Алайда, кәсіпорын 2026 жылдың ақпан және наурыз айларында бұл үйдің тұрғындарына жылу үшін мүлдем төлем есептемеген.
«Кәсіпорын басшылығы тұтынушы есептегіш көрсеткішін уақытында бермеді, ал бақылаушы пәтерге кіре алмады деп ақталды. Бірақ заң бойынша, егер көрсеткіш ұсынылмаса, монополист алдыңғы айлардың орташа тәуліктік шығыны бойынша есепшот жіберіп, кейін қайта есептеу жасауға міндетті. Төлемді мүлдем тоқтатып тастау – өрескел заңбұзушылық», – деп түсіндірді Гүлнар Серікқызы.
Нәтижесінде «Жылу» КМК-ға қателікті түзету туралы нұсқама беріліп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 164-бабы бойынша 692 000 теңге айыппұл салынды. Кәсіпорын қателігін мойындап, қызметкерлеріне арнайы түсіндіру сабағын өткізді.
2026 жылдың 24 маусымындағы жағдай бойынша департамент монополистерге қатысты 15 әкімшілік іс қозғаған. Оның 13-і қысқартылған іс жүргізу тәртібімен қаралып, мемлекет бюджетіне 12 975 000 теңге өндірілді. Бір іс сотта қаралып жатыр, тағы бірі аз маңыздылығына байланысты тоқтатылған. Ең жиі тіркелген заңбұзушылықтардың рейтингіне тоқталар болсақ, міндетті есепті уақытында ұсынбау – 6 іс, бекітілген тарифтік сметаны орындамау – 3 іс, мемлекеттік тізілімнен шығу туралы өтініш бермеу – 3 іс, төлем есептеу тәртібін бұзу, мүлікті рұқсатсыз сату және тарифке өтінім бермеу бойынша бір қозғалған.
Брифингте биылғы мамыр айында Қостанай сотында аяқталған шулы істің де нүктесі қойылды. Оқиға желісі былай болған: «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ облыстық филиалы тұрғындардың біріне газ желісіне қосылғаны үшін 128 559 теңгелік шот берген. Антимонополиялық департамент ҚР Жоғарғы Соттың қаулыларына сүйеніп, газ желісіне алғашқы қосылу толығымен тегін болуы керек деп есептеді. Тұтынушыға жазылған шоттың ішінде Рұқсат бергішті жабу және қайта ашу (әрқайсысы 10 513 теңге), газ құбырын газбен толтыру (7 682 теңге), газды қайта жіберу (90 117 теңге), нысанның дайындығын тексеру (9 606 теңге) қызметтері ақылы болған.
Департамент газ алпауытының үстінен әкімшілік іс қозғап, сотқа жолдаған. Алайда, Қостанай қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты газ компаниясының әрекетін заңды деп тапты. Сот шешімі бойынша, Кәсіпкерлік кодекске сай тек желіге тікелей қосылу, қиып салу және пломбалау қызметтері ғана тегін көрсетіледі. Ал қалған барлық ілеспе жұмыстар бәсекелестік ортаға жатады, демек, бизнес олардың бағасын өзі белгілеуге құқылы. Осы себепті монополиске қатысты іс құрамы болмағандықтан тоқтатылды.
Ведомствоның хабарлауынша, департамент көрсететін барлық 5 мемлекеттік қызмет (электр қуатын сатып алуға лицензия беру, мүліктік мәмілелерді мақұлдау, монополистер тізілімімен жұмыс) «Е-лицензиялау» порталы арқылы толығымен электронды форматта көрсетіледі.
Жарты жылда 25 мемлекеттік қызмет орындалды (18-і тізілімге қосу, 7-і шығару). Ең бастысы, тұтынушылар мен кәсіпкерлердің өтініштері бойынша бірде-бір бас тарту тіркелген жоқ. Сондай-ақ, департамент биыл азаматтық сот істеріне мүлдем қатыспағанын мәлімдеді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
