Денсаулықтың кепілі қауіпсіз өнім

Денсаулықтың кепілі қауіпсіз өнім

Қостанай облысында азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы мемлекеттік бақылау жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Жыл басынан бері облыстың 153 сауда нысанында бақылау сатып алуы жүргізіліп, зертханалық сараптама үшін 798 өнім үлгісі алынған.

Зерттеу нәтижесінде олардың 149-ы немесе 19 пайызы қолданыстағы техникалық регламенттер мен санитариялық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған. Бұл туралы облыстық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ермұханбет Дәулетбаев мәлімдеді.

Тексерілген өнімдердің 478-і азық-түлік болса, оның 61 үлгісінен түрлі заң бұзушылықтар анықталған. Ал азық-түлікке жатпайтын 320 өнімнің 88-і талаптарға сәйкес келмеген. Сараптама көрсеткендей, зерттелген өнімдердің басым бөлігі – импорттық тауарлар.

Бақылау барысында анықталған заң бұзушылықтардың ең көбі өнімді таңбалау талаптарының сақталмауына қатысты болды. Барлық сәйкессіздіктің 84 пайызы осы санатқа тиесілі. Көптеген өнімде өндіруші туралы мәлімет, өндірілген күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, мемлекеттік тілдегі ақпарат немесе өнімнің құрамы толық көрсетілмеген.

«Бұл жай ғана техникалық кемшілік емес. Дұрыс таңбаланбаған өнім тұтынушының қауіпсіз әрі сапалы тауарды саналы түрде таңдау мүмкіндігін шектейді. Сонымен қатар зертханалық зерттеулер барысында шай мен шырын өнімдерінен рұқсат етілмеген тағамдық бояғыштар анықталған. Бұдан бөлек, микробиологиялық, физика-химиялық және токсикологиялық көрсеткіштер бойынша да талаптарға сәйкес келмейтін өнімдер тіркелген. Сәйкессіздіктердің басым бөлігі шырын өнімдерінде, балық және сүт өнімдерінде анықталса, азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында балалар ойыншықтары мен балалар киімдеріне қатысты заң бұзушылықтар тіркелді», – дейді Ермұханбет Дәулетбаев.

Анықталған барлық фактілер бойынша жедел шаралар қабылданды. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 91 қаулысы негізінде техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін өнімдер сауда айналымынан кері қайтарылды. Нәтижесінде 125 килограмнан астам азық-түлік өнімі мен 3 тоннадан астам химиялық және мұнай-химия өнімдері айналымнан шығарылды. Тәркіленген өнімдердің жалпы құны 1 миллион 478 мың теңгеден асты. Бұдан бөлек, 55 тергеп-тексеру жүргізіліп, заң талаптарын бұзған кәсіпкерлерге әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылған.

Департамент басшысы тұрғындарды өнім сатып аларда оның таңбалануына, жарамдылық мерзіміне, қаптамасының бүтіндігіне және сақтау шарттарына міндетті түрде назар аударуға шақырды.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА