25 мая, 2025
Міржақып тойы басталды

Міржақып тойы басталды

Тобыл-Торғай жері қазақ халқының тарихында болмысы бөлек ұлт зиялысы, әдебиетіміздің көрнекті өкілі, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойын бастап жіберді. Алаш ардақтысының мерейтойын атап өту былтырғы жоспарлы мәдени іс-шаралардың аясында  инфрақұрылымдық бағыттағы жұмыстармен жалғасын тауып жатыр.

Бұл туралы Жанкелдин ауданы әкімінің орынбасары Еренбол Алматов облыстық мәдениет басқармасының алғашқы алқа мәжілісінде баяндап берді.

«Бұл еліміз үшін тарихи маңызды оқиға. Міржақып Дулатұлының  шығармашылығы мен азаттық жолы – бүгінгі ұрпаққа өнеге. Ауданда мерейтойға дайындық шаралары қызу қолға алына бастады. Бірқатар мәдени ошащтар абаттандырылып, жастардың патриоттық сезімін оятуға арналған байқаулар қолға алынды», – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының, Ы.Алтынсарин музейлерінің  аулалары адам танымастай абаттандырылды.

Жан-жағына тас төселді. Бидайық ауылындағы музейге экспедиция жұмыстарын жасау жұмыстары жалғасып жатыр.

«Ауданда мерейтойдың аясындағы құрылыс жұмыстарынан бөлек, мәдени іс-шаралардың қазығы қағылды. Нұрхан Ахметбеков мәдениет үйінде Міржақып Дулатұлының шығармасына арқау болған «Оян қазақ» спектаклі сахналанды. Туған жері Қызбел ауылында жыр кеші ұйымдастырылып, рухына тағзым жасалды, құран бағышталды. Кітапханаларда «Міржақып Алаш күрескері» апталығы бастау алды. Ақынның жүріп-өткен жолына негізделген зияткерлік ойындар өткізіліп жатыр. Қыркүйек айында республика көлемінде атап өту жоспарланып отыр», – дейді әкім орынбасары.

Жалпы, Қостанай облысының мәдениет саласында тұрақты-орнықты даму байқалады және де облыста мәдени саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша жұмыс жалғастырылатын болады.

«Биыл өңіріміздің тарихи кезеңдері мен қазіргі кездегі жетістіктерін көрсететін бірқатар ірі мерейтойлар мен атаулы оқиғалар атап өтіледі. Қостанай облысы өзінің көп ғасырлық тарихы мен мәдениетінің алуан түрлілігін көрсететін бай мұраға ие. Маңызды тарихи күн – тәуелсіз Қазақстанның Конституциясына 30 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл, Абай Құнанбаевтың туғанына 180 жыл, Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл. Биыл ұлтымыздың көрнекті тұлғасы, жерлесіміз Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойын мерекелеуге орайластырылған ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленіп, 140 жылдыққа орай 140 іс-шара енгізілді. Мерейтой барысында облыс көлемінде әр түрлі форматта іс-шаралар өткізілетін болады», – деді бұл туралы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов.

Айбек ЖҮЗБАЙ 

Суретке түсірген Балауса Жүніс