134 ауыл әкімі біліктілігін арттыру курсынан өтіп жатыр

134 ауыл әкімі біліктілігін арттыру курсынан өтіп жатыр

Өңірлерде жергілікті тұрғындар таңдаған әкімдердің 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген. Сондықтан атқамінерлердің тәжірибесін арттыру маңызды. Осыған орай Қостанайда жаңа сайланған ауыл әкімдерінің біліктілікті арттыру курсы басталды.

Оқыту бағдарламасы 17 ақпанда басталды, мамыр айының ортасына дейін жалғасады. Курстың басты мақсаты – жергілікті басқару жүйесін жетілдіру және әкімдердің кәсіби біліктілігін көтеру.
Қостанай облысы бойынша 197 ауыл әкімі бар, олардың 134-і алғаш рет кәсіби оқытудан өтуде. Олар алты топқа бөлінген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл әкімдерінің 90 пайызы сайлау арқылы тағайындалғанын, ал олардың 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемегенін атап өткен болатын. Осыған байланысты Үкіметке әкімдердің біліктілігін арттыру тапсырылды. Оқыту бағдарламасының ерекшеліктері 17 түрлі модульден тұрады.

Олардың қатарында: жергілікті бюджетті тиімді пайдалану,мемлекеттік сатып алулар мен салықтар, кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын қолдану, тәуекелдерді басқару және шешім қабылдау әдістері қамтылған.
ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Ақерке Бекахметованың айтуынша, бағдарлама практикалық жаттығулар, интерактивті пікірталастар, тренингтер және сарапшылармен кездесулер арқылы өтеді. Оқыту онлайн және оффлайн форматта 240 академиялық сағатты қамтиды.

– Оқу барысында әкімдер өз өңірлерін дамытуға арналған жобаларын әзірлеп қорғайды, – деді Ақерке Бекахметова.

Торғай ауылының әкімі Кемеңгер Қарағұлұлы бұл курсқа алғаш рет қатысып отырғанын айтады.

– Сайланған әкімдердің басым бөлігі мемлекеттік қызметте бұрын жұмыс істемеген. Сондықтан, бұл оқыту бағдарламасы біз үшін өте маңызды. Сабақтар 17 ақпаннан 13 мамырға дейін жалғасады. Соңында әр әкім өз өңірін дамытуға арналған бағдарламасын қорғауы керек, – дейді ол.

Ал Владимиров ауылының әкімі Әлия Жүнісова бұл курстың маңыздылығын атап өтті.

-Әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын жоспарлауды үйреніп жатырмыз. Бұл – әрбір әкім үшін қажет білім. Өңірдің тұрақты дамуы үшін нақты қадамдарды анықтап, оларды тиімді жүзеге асыру – біздің басты міндетіміз, – деді ол.

Бағдарламаның ашылу салтанатына Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, Президент Әкімшілігінің өкілдері және саяси партия мүшелері қатысты. Ауыл әкімдерінің біліктілігін арттыруға арналған бұл жоба жергілікті басқарудың сапасын жақсартып, ауылдық аймақтардың дамуына жаңа серпін береді деп күтілуде. Егер әкімдердің дайындаған жобалары қолдау тауып, қаржыландырылса, ауыл тұрғындары үшін нақты өзгерістер орын алмақ.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Бекзат ӨМІРБЕК,
ҚӨУ студенті
Суреттерді түсірген – Жансая СӘБИТБЕК

Жаңалықтармен бөлісу