Алаш арысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған Торғай мұражайлар кешенінің көрмесі елордамыз Астанадан Тобыл төріне жетті. Көшпелі көрме сонау наурыз айында, Әлихан Бөкейхановтың туған күні қарсаңында ұлттық музейден бастау алғанын айта кетейік.
Жангелдин аудандық Торғай мұражайлар кешенінің жетекшісі Гүлбану Сәрсекейдің айтуынша, ол жерде елордалықтар қоғам қайраткерінің тұтынған заттарымен екі жарым ай көзайым болыпты.

«Ұлттық музейге келушілер біздің көрменің жәдігерлерін зейін қойып тамашалады. Сәкеннің ізі қалған Көкшетау музейі мен Астана қаласындағы Есіл университетіне қойылды. Бүгін Қостанайға әдейі мерейтой иесінің туған күніне орайластыра әкеліп отырмыз», – дейді Торғай мұражайлар кешенінің жетекшісі Гүлбану Сәрсекей.
Көрмеде жетпіске тарта жәдігер бар.
Әсіресе, Гүлнар Дулатқызының сыйға тартқан Міржақыптың қолымен ұстаған тақиясы келушілердің назарын аударды.
«Бүгін осыдан 140 жыл бұрын шыр етіп дүниеге келген Міржақыптың туған күні. Мерейлі мерекелі жылды жақсы аяқтап жатырмыз. Кезінде Гүлнар апамыз Міржақып кітабының төрт нұсқасын қалдырған еді. Оның бірі «Оян қазақтың» екінші басылымы мен «Бақытсыз Жамал» романының он төртінші жылы шыққан түпнұсқасы келешек ұрпаққа таптырмас мұра. Қызы Гүлнардың жөргегі мен Алаш қайраткерінің құпия белгісін де осы жерден табуға болады», – деді Гүлбану Сәрсекей.


Облыстық мәдениет басқармасы мен тарихи-өлкетану музейіне алғысын айтты. Музей басшысы Гүлжан Мендекиноваға Міржақыптың белгісі бар кәдесыйды табыс етті.

«Міржақып Дулатұлы туралы көп дүниені айтуға болады. Ұлт болашағы сынға түскен кезде табандылық танытып, өзінің шығармашылығымен елдің көзін ашты. Ұрпақтың болашағы үшін артында қалдырған мұраларымен тағы бір мәрте қауышып отырмыз. Осы көрмемен облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасымен 140 іс-шара жалғасын тауып отыр», – деп тілегін білдірді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов.
Құрмет орденінің иегері, Міржақыптың ұрпағы болып келетін Бақберген Өтеулин лебізін білдірді. Ұлттық музейден бастау алған дүбірлі той жоғары деңгейде атап өтілгенін айтты. Ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

«Тойдың беташары болған ұлттық музейдегі көрме жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтқым келеді. Көрмені облыс әкімнің орынбасары Арман Әбенов өзі барып ашып, облыс атынан қатысушыларға құттықтауын жеткізгені әлі күнге көз алдымызда. Осы көрменің туған күніне қарсы облыс орталығында өтуінің өзіндік мәні бар. Биыл бұл жерде атамыздың құрметіне ескерткіші бой көтерді. Осы уақытты бұл кісілер армандап өтті. Атамыз «Оян қазақ» десе, апамыз «Ойлан!» деп асыл мұра тастап кетті. Мына кітапта ол кісінің өсиеттері бар», – деген ол артында қалған ұрпағы Гүлнар Дулатқызының кітаптарымен таныстырды.
Облыстық мәслихаттың депутаты Қырмызы Сапарқызы аға буынмен қатар жиналған жастарға ризалығын жасырмады.

«Кез келген ұлт өзінің ұлтын сүйеді. Алаштың асыл азаматтарының өмір жолы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отыруы керек. Жастардың көп жиналғаны жүрегімізді қуантады. Осындай аталары сияқты елін сүйсін, туған жеріне адал қызмет етсін!», – деп тілегін айтты.
Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармония өнерпаздары Манапбек Қадыров пен Талғат Молдағалиев көрмеге жиналғандарды әсем әнмен сусындатты.

Енді бұл көрме Қостанайдағы көркемсурет галереясында жиырма күн тұратын болады.

Барып тамашалаймын деушілерге есігі ашық.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Диана Алмасқызы
