Әлеуметтік тапсырыстың әлеуетке пайдасы тиуі керек

Әлеуметтік тапсырыстың әлеуетке пайдасы тиуі керек

Қостанай облысында азаматтық қоғамның дамуына серпін «Қостанай облысының ТОП-5 ҮЕҰ» облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Сондай-ақ, «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың конкурстық рәсімдерін өткізудегі кейбір проблемалар туралы» баяндама тыңдалды.
Басты көздегендері өңірдің әлеуметтік дамуында айрықша белсенділік танытып, қоғамдық мәселелердің шешіміне үлес қосып жүрген үкіметтік емес ұйымдарды қолдау, олардың жетістігін насихаттау және мемлекеттік құрылымдар мен үшінші сектор арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

Іс-шара барысында Қостанай облыстық Азаматтық альянсының төрайымы, «ГрИн» ұйымының директоры Динара Өтебаева өңірдегі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстардың сапасына қатысты кең көлемді талдау нәтижелерін жариялады.

Альянс өңірдегі 25 аудандық, қалалық және облыстық деңгейдегі мемлекеттік сатып алуларға мониторинг жүргізген. Жалпы 300-ден астам сатып алу қаралып, олардың жиынтық көлемі 1 млрд теңгеден асқаны анықталды. Конкурс рәсімдерінің сапасында айтарлықтай айырмашылықтар бар.

Әсіресе Қостанай қаласындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар бойынша шағымдар саны көп. Бірқатар аудандарда құжаттаманы бірнеше рет өзгерту фактілері тіркелген. Кейбір мемлекеттік тапсырыстар себепсіз тоқтатылып, жобалардың мерзімі кешігіп жатқан жағдайлар кездескен.

blank blank

Динара Өтебаеваның айтуынша, көптеген ҮЕҰ заңды түрде сотқа жүгінуге мүмкіндігі болмағандықтан, техникалық талаптары бұзылған жобалар да бәсекесіз орындалып кеткен жағдайлар орын алады.

«Жалпы, біздің талдау мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың бірқатар жерде формальді сипатқа айналып бара жатқанын көрсетті. Мұндайда зиян ҮЕҰ-ға емес, ең алдымен халыққа тиеді. Өйткені жобалар балаларға, жастарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және ауыл тұрғындарына арналған», – деді ол.

Мониторинг барысында анықталған жүйелі қателіктердің негізгі 9 тобы ұсынылды. Оның ішінде, ескі техникалық шарттарды қолдану, қойылған мақсаттар, міндеттер мен көрсеткіштердің бір-бірімен байланыспауы, нақты ҮЕҰ-ды көрсету арқылы бәсекелестікті бұзу, өте төмен бюджетке тым көп іс-шара жоспарлау, мазмұны әлеуметтік тапсырыс бағыттарына сай келмейтін лоттар, құжаттаманы асығыс әзірлеу, бірнеше рет түзету деген тәрізді.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлия Бекмағамбетова ҮЕҰ-дың азаматтық қоғамдағы рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Ол мемлекеттік органдарға ҮЕҰ-ды жобаларды жоспарлау кезеңінен бастап тартып, лоттардың мазмұнын бірлесіп әзірлеуді ұсынды.

blank

«Кейбір жобаларда көзделген жұмыстардың мәні жоғалып кеткен. Әлеуметтік жобалар – бұл қоғаммен жүйелі жұмыс, ал кей жерде олар тек формальді іс-шаралар жинағына айналып барады. Әсіресе шағын бюджетпен жыл бойына жұмыс істеу – ақылға сыймайды», – деді Әлия Бекмағамбетова.

Сонымен қатар, спикер жобалардың көпшілігінде жастардың тек мектеп оқушылары қамтылатынын, ал жұмысшы жастар, ауыл жастары, аз қамтылған топтар ескерілмейтінін, кейбір лоттарда мақсат пен міндеттер мүлдем сәйкес келмейтінін айтты.

Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Олжас Дүйсеков интернет-қаржы алаяқтарының көбейгенін, тұрғындардың құқықтық сауаттылық деңгейі төмен екенін айтты. Ол әлеуметтік тапсырыс аясында қалада екі жыл қатарынан интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Жоба шеңберінде, барлық кинотеатрларда жыл бойы бейнеролик көрсетіледі, қаланың LED-экрандарында әлеуметтік жарнамалар орналастырылады, ал келер жылы instagram және tiktok платформаларында мақсатты жарнама жүргізіп, есік тұтқаларына ақпараттық парақшалар ілінетінін жеткізді.

Лисаков қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлбарам Төлюбаева ҮЕҰ қызметінде де проблемалар бар екенін жасырмады.

«Кейбір ұйымдар жобаны формальді түрде орындайды. Балалармен екі күн жұмыс істеп, жобаны жапқан жағдайлар бар. Бұл ҮЕҰ-ға деген сенімді төмендетеді. Лоттарға өтінім берген, бірақ қызмет түрлері мүлдем сәйкес келмейтін ҮЕҰ бар. Кей мердігерлердің тауарды уақытында жеткізбейтіні ақиқат», – деді ол.

Жиын соңында облыстың әлеуметтік, мәдени, спорт және экологиялық бағыттағы ең белсенді ұйымдарының еңбегі аталып, «ТОП-5 ҮЕҰ» атағы табысталды. Жүлделі болғандар қатарында Қостанай облысының іскер әйелдер қауымдастығы да бар.

«Біз бизнесті, жастарды қолдаймыз және бізде арнайы жобалар бар. Әсіресе, өңірлерде атқарып жатқан жұмыстарымызға қолжетімділік өте кең. Менің айтқым келгені, біз тек өңірді жабдықтауға көмектесіп қана қоймаймыз. Әсіресе, қиын кезеңдерде, өрт немесе басқа да қиыншылықтар туындағанда, қолдау көрсетуге ұмтыламыз. Менің ойымша, көптеген нәрсені ақысыз, ақшасыз жасауға болады. Біздің командамызда тегін қолдау көрсетуге, қандай да бір көмек ұсынуға дайын көптеген сарапшылар, көптеген іскер әйелдер бар. Біз тәжірибе бөлісуге дайынбыз», – деді Гүлсара Жаманқұлова.

Қорыта келе, ұйымдардың ашықтық пен тиімділікті арттыру қажеттігін көрсетті. ҮЕҰ өкілдері мемлекеттік органдардың оларды жеткізуші емес, әріптес ретінде қарағанын қарайтынын жеткізді. Қабылданған ұсыныстар мен талқылаулар келер жылға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жоспарлау кезінде ескерілетін болады.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген автор