Міржақып-140: Қостанайда республикалық конференция өтті

Міржақып-140: Қостанайда республикалық конференция өтті

Бүгін Қостанайда Алаш ардақтысы ұлы Жақаңның мерейтойына арналған «Міржақып Дулатұлына 140 жыл: өмірі және өнегелі мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Бұл айтулы іс-шараның өтуіне мұрындық болған – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкілдігі. Мазмұнды мерейтойдың тағылымды түйініндей болған алқалы жиынға бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келді. Сондай-ақ құрметті қонақтар қатарында айтулы ғалым, алаштанушы, академик Дихан Қамзабек, «Оян, қазақ» фильмінде Міржақып рөлін сомдаған дарынды актер Бақыт Қажыбаев бар. Келелі іс-шарада облыс басшылығының өкілдері мен өңірдің зиялы қауымы да орта толтырды. Әуелі көпшілік қауым Торғай музейлер кешенінің және Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың көрмесін тамашалады.blankblankblankblankblankblank

Ізін ала қонақтар конференция залында тоғысып, жиынды Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ашып берді.blank

            «Бұл конференция  – еске алу нышаны ғана емес, ұлы тұлғаның ұлт руханиятын жаңғыртудағы еңбегін зерделеу, оны жас ұрпақ санасына сіңіру, дін мен мәдениет сабақтастығын ұлықтауға арналған парасатты пікір алаңы. Ал Міржақыптың мұрасын насихаттау – тек тарихты танып-білу емес, жаңа дәуірдің саналы азаматын қалыптастыруға бағытталған үлкен жұмыс.  Жиын аясында ұлттық сана мен тарихи жадыны жаңғырту, Міржақыптың асыл мұрасының қазіргі қоғамдағы мәнін бағамдау, ел рухын күшейту мұратын көздеген пайымды пікір, ұтымды ұсыныстар тыңдалып, маңызды шешімдер қабылданарына сенім артамын. Құрметті меймандарды қарсы алып отырғанымызға бек қуаныштымыз», – деді облыс әкімінің орынбасары.

blankБұдан соң хазірет Наурызбай қажы сөз алып, баба рухын тебірене мадақтап, қазыналы әлемін адақтап, ұлт алдындағы қайраткерлік қызметін сөз етті. Өлеңдерінен үзінді оқып, мақала-көсемсөздерін мысалға келтіріп ой толғады. Жақаң шығармаларындағы дін тақырыбын да қозғады.

            «Қазақ тарихында қилы замандар аз болмаған. Нәубетті кезеңдерімен есте қалған ХХ ғасырдың басы тарихтың тақсіретті тарауы. Ұлт үшін қызмет етудің ғажап үлгісін көрсеткен алтын айдарлы асылдарымыздың қатарында – Ислам тарихында, қасиетті Құранда есімі аталған Жақып пайғамбардың  атын иеленген Міржақып атамыз тұр. Әр шығармасында әділдік, адамгершілік, ар-намыс, отансүйгіштік қасиеттер тұнып тұратын ұлы тұлға әлі талай ұрпақтың санасын сәулелендірмек. Бабамыздың асыл дінімізді ардақтап жазған туындылары да жетіп-артылады. Дінге, елге адал қызмет еткені бүгінгі әрқайсымызға үлгі боларлықтай. Барша халықты жақсылық жасауға, қоғамға пайдалы болуға үгіттеуі ардақты пайғамбарымыздың шариғаттарымен үндеседі», – дейді бас мүфти.

blankНаурызбай қажы ұлағаты мол іс-шараға ұйытқы болған жергілікті азаматтарға рахметін айтып, төріне шығарып жатқан Тобыл жұртшылығына разылығын жеткізді.  Сөз арасында «Міржақып. Оян, қазақ!» сериалы туралы да пікірін қоса кетті. Ол осы туындыны зеңгір көкте тамашалап, ерекше әсерге бөленген екен.

            «Алғашқы сериясынан бастап, «Эйр Астана» ұшағында көрудің сәті түсті. Толық көріп шығып, көңілім толқып, көз жасыма ерік беріп, жүрегім езіліп, құран оқып, хатым шығарып, дұға еттім. Алла тағала бабамыздың жанын жәннаттық ете көргей! Басты рөлде ойнаған Бақыт бауырымды көрсем, Міржақыпты көргендей күй кешемін. Тіпті оны Бәке емес, әзілдеп Мәке дейтін болдым. Нағыз тағылымы мол туынды. Бабаларымызды насихаттау жолындағы еңбегіміз жана берсін», – деді Наурызбек қажы.

blankАл ғалым Дихан Қамзабек «Міржақыптанудың мәдени ақпараттық мұраты» атты баяндамасында Міржақып тұлғасына сан қырынан қарап, ғылыми тұрғыдағы тұжырымды ой-пікірлер айтты. Ескі тарихқа жаңаша көзқарас керек екенін алға тартты. Кейбір қасаң түсініктерге, қиғаш көзқарастарға күн жағынан қарайтын кез жеткенін әңгіме етті. Ұрпақ алмасқан сайын Жақаң сияқты тұлғалардың насихаты да түрленіп, жаңғырып, күшейе түсу қажет деген пайымын ортаға салды.  blankСондай-ақ Ахаң атындағы ҚӨУ әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультеті деканының орынбасары Руслан Жүсіпке, танымал актер Бақыт Қажыбаевқа, Жақаң ұрпағы, кәсіпкер Бақберген Өтеулинге сөз берілді. blankЖиын соңында М.Дулатұлы атындағы ҚИнЭУ-де 1-курс студенттері арасында ұйымдастырылған «Бақытсыз Жамал: тағдыр және таным» тақырыбында жарияланған облыстық эссе байқауының жүлдегерлері марапатталды. 1-орын Мерей Оңайбековға бұйырса, 2-орынға  Сағыныш Мырзахметова ие болды, ал 3-орын Гүлбақыт Шабанованың еншісінде. Жүлдегерлерге бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазрет сертификат және қаржылай сыйлық тапсырды.blankblankblank

Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ