Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті тұтынушылардың газға тегін қосылу құқығын қорғады

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті тұтынушылардың газға тегін қосылу құқығын қорғады

2024 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті (бұдан әрі-Департамент) Қостанай облысы прокуратурасының өтініші негізінде «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Қостанай өндірістік филиалының қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Тексеру газ тарату жүйелеріне бастапқы қосылу, газды іске қосу жөніндегі қызметтер үшін, сондай-ақ есепке алу аспаптарын пломбалау үшін ақы алудың заңдылығын анықтауға бағытталған.

«Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі — заң) 26-бабы 2-тармағының 5) және 6) тармақшаларына сәйкес табиғи монополия субъектісі реттеліп көрсетілетін қызметке қол жеткізудің тең жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті және заңнамада көзделмеген қосымша талаптарды белгілеуге құқылы емес. Сондай-ақ, Заңның 24-бабының 4 және 18-тармақтарында тіршілікті қамтамасыз ету желілеріне қосылу кезеңдерінің толық тізбесі айқындалған, ол газды іске қосу немесе есептегіштерді пломбалау сияқты әрекеттер үшін жеке ақы алуды қамтымайды.

Тексеру нәтижелері бойынша «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Қостанай өндірістік филиалы табиғи монополиялар туралы қолданыстағы заңнаманы бұза отырып, жоғарыда аталған қызметтерді ақылы негізде көрсеткені анықталды.

Осылайша, Департамент 2022 жылғы қаңтар мен 2023 жылғы желтоқсан аралығында Қостанай облысы бойынша осы көрсетілетін қызметті берушімен жалпы сомасы 118 963 136 теңгеге 11 909 тұтынушыға газ желілеріне қосу бойынша ақылы қызметтер көрсетілгенін анықтады, бұл Заңның 24 — бабы 10-тармағының 3) тармақшасын бұзуға әкеп соғады.

Осы факт бойынша табиғи монополия субъектісі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 164-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Уәкілетті органның қаулысымен «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ға 5 907 200 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сондай-ақ, тұтынушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында Департамент көрсетілген қызметтер үшін заңсыз есептелген сомаларды жалпы сомасы 118 963 136 теңгеге қайта есептеуді және тұтынушыларға қайтаруды талап ете отырып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізді.

Осылайша, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Қостанай өндірістік филиалы 2024 жылдан бастап газ тарату жүйелеріне бастапқы қосылу, газды іске қосу, сондай-ақ тұрғындарға есепке алу аспаптарын пломбалау бойынша қызметтер тегін негізде көрсетілетіні туралы ақпарат берді.

Қазіргі уақытта табиғи монополиялар субъектісі 118 963 136 теңгеден тұтынушыларға 38 миллион теңге қайтарып берді, сондай-ақ газ желілеріне бастапқы қосылу, газды іске қосу және пломбалау жөніндегі қызметтер үшін 2022 жылғы қаңтар мен 2023 жылғы желтоқсан аралығында төленген ақшалай қаражатты қайтару бойынша өтініштер қабылдануда.

Осыған байланысты, жоғарыда көрсетілген кезеңде газға қосылуды жүргізген барлық тұрғындардан ақшалай қаражатты қайтару үшін «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Қостанай өндірістік филиалына хабарласуларыңызды сұраймыз (анықтама телефоны 54-06-07-ішкі 4397, 54-27-56 Светлана).