Менің ағам – батыр!

Менің ағам – батыр!

Соғысқа барғандардың бәрі батыр деп ойлаймын. Соғыс аяқталғалы 78 жыл болды. Бірақ, неміс фашистердің жасаған зұлымдықтары тарих бетінен еш уақытта өшпейді. Сол соғысқа енді ғана 18-20 жастағы бозбалалар аттанды. Бірлік елінің тумасы менім ағам, әкемнің інісі Кенжетай Муржиков шақыру қағазын алады. Ол ағам 1922 жылы туған. Жеті айлығында анасы (әжеміз Зылиқа қайтыс болды), әкесі – атамыз Мырзажан, ағасы – менім әкем Сұлтан екеуі әупірімдеп жеткізеді. Ол кезде емізік-мәрлі деген жоқ. Ешкінің сүтімен жеткізеді. Әкем мен ағамның жас ерекшеліктері – жиырма жас. Арасындағы бауырлары шетінеп кеткен ғой.

Әкем ата-аналарын көндіріп, елдің 12-13 жастағы жиырма шақты баласын Мендіқара «Балалар үйіне» апарады. 1930-1932 жылдары тамақ тапшы әрі оларға қарайтын адам жоқ, бәрі жұмыста. Содан 4 жылдан соң «Балалар үйін» басқа жаққа көшірейін деп жатыр деген хабар келді. Ата-аналары балаларынан көз жазып қаламыз деген соң бәрін алып келеді. Өмірдің ащы-тұзшысын көріп өткен ағамды 1941 жылы соғысқа шақырып, ол сонау Украина, Белорусия елдері, Еуропа жерін азат етуге қатысады. Соғыста барлаушы дивизиясында жауынгер, артынан командир болады. Мынау сарғайған газет қиындысы – маған өте қымбат зат. Барлаушының бір түнгі шайқасындағы ерлігі баяндалады. Ағамның алғыс хаттары, медальдары қаншама, бірақ екі «Қызыл жұлдыз» орденін, 2-дәрежелі«Отан соғысы», 2, 3 дәрежелі «Даңқ»  ордендерін өте қастерлейтін. Бірінші «Қызыл жұлдыз» ордені 1945 жылғы 10 ақпандағы № 250 бұйрығымен, ал екінші «Қызыл жұлдыз» ордені 1945 жылғы 16 ақпандағы №273/н бұйрығымен берілді.

Бірақ бізге соғыс туралы айтпайтын. Бір түнде жаудың 7 танкісін қиратқан барлаушыны Үкіметке марапаттау туралы тағы ұсыныс жасалады. Бірақ жауап жоқ.

Соғыстан аман-сау 1946 жылы оралып, Сарыкөлге барады. Өйткені, ағасы сонда болатын. Сарыкөлде НКВД-да қызмет жасады. Руы сибан, Сүлеймен деген қадірлі кісінің қызы Гүлқашима екеуі отау құрады. Жас апам өте көркем еді. Ғұмыры қысқа болды. Одан жалғыз қызы бар. Екінші рет үйленген жұбайынан да ұлдары, қыздары бар. Ағам елге қоңыс аударып, Ершов, Новопокров элеваторларында қызмет атқарды. Соғыстың зардабы қойсын ба, ағам 1977 жылы қайтыс болды. Сонда әкем көзіне жас алып, мені жерлейтін адам еді деп отыратын. Ағам тәртіпті жақсы көретін.

Әкемнің немере інісі 1920 жылы туған  Балташ Дощанов та соғысқа қатысқан. Елге келіп, партия қызметкері болды. Ол кісі 1978 жылы өмірден озды. Оның қызметі бағаланып, Ұзынкөл ауданында бір көшеге аты берілді.

Әкем Сұлтан 1943 жылы соғысқа шақырылып, онда бір қолынан жараланып, ота жасаған, бір қолымен елге келді. Әкем елге 1944 жылы оралып, соғыстың зардабын көрген халықты көріп, бірден жұмысқа араласты. Жалғыз қолымен пар атты жегіп, Тоқтағы жұмысты басқарды. Дәл егін жинайтын кез еді. Ер азаматтар әлі соғыста, келгендердің көбісі жаралы, сондықтан жұмыссыз отыратын уақыт болған жоқ. Рухы мықты адам еді. Әкем 1980 жылы қайтты. Міне, менім әкем мен ағаларым осындай адамдар болды.

«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген осы. 2014 жылы Абай елінде үлкен ас берілді, сонда Ұлы Отан соғысынан елге оралған, туған жер топырағы бұйырмаған боздақтардың есімдері жазылды. Елден 127 адам аттанып, 42-сі оралмаған. Соның ішінде осы жазған ерлердің есімдері де бар.

Өзім 1946 жылы туғанмын. Қазір зейнеткермін. Бұрын Ұзынкөл ауданында тұрып, 2021 жылы Қостанай қаласында көшіп келдік. Біраз жылдар бойы «Қостанай таңы», «Нұрлы жол» газеттеріне мақала жазып отыратын едім.

Бәтима Сұлтанқызы Кумажанова

Жаңалықтармен бөлісу