Сыртынан жауы жүрмес сұрмерген-ді…

Сыртынан жауы жүрмес сұрмерген-ді…

Көктемнің ең тамаша айы басталса да біздің Арқалық қаласында  денеңді дір еткізетін бір салқындық болатын.  Ауа райына қарамай, ең көңілді жүруге тапсырма берілген ерекше күн еді. Көшеде – плакаттар, үлкенді- кішілі желбіреген қызыл тулар.  Ұлы мереке – Жеңістің 30 жылдығына  атап өтуге шұғыл кірісіп кеткенімізді көрсетеді.  Мәдениет үйінен шығып, теңертеңнен бері қарбаластан тізе бүгуге асығып ағамның үйіне келдім.  Жатаханаға барғанша, жеңгемнің шәйін ішіп, диванда шалқайып жатып, Дәмер ағамның үйіне барып демалғым келген.  Үйге  кіргенімде  «мен жатамын»  деп келген диванда  тұлғасы зор,  үлкен кісінің жатқанын көрдім. Мен бірден ас үй жақтағы жеңгеммен амандасып, “үйде кісі бар екен-ау,  демалып жатыр екен, кірмей-ақ қояйын” деп едім,        жеңгем “ойбай , барып сәлем бер, шәй дайын, өзіңнің атаң болады” деп мені қайта залға қарай бейімдеді. Залға кіргенім сол екен, әлгі кісі бірден көзін ашып, назарын маған аударды. Сәлемімді алып   “ал. қай боласың?” деп қасына шақырды. Жөнімді айтып болған соң « балам-ау, мен де сенің ет жақының боламын. Бәрі есімде, ой қозғайтын балам екенсің». деді де әңгімені бастап кетті. Мен де сөздің арасында әжем Арзанның «туған баласымын»  деп қойдым. Қызылбай атам сәл үзілістен кейін:  «Арзанның баласы болсаң, “халық жауының” баласы болдың ғой”, – деп бір қойды. “Әкең Атымтай Мырзашұлы , менің ағам,  айтулы кісі болатын. Менен бір мүшел үлкен ғой. Мен 22 жасымда  әскерге шақырылып,  Тәшкент қаласында үш жыл борышымды өтедім. 32- нің аштығы  кезінде    зобалаңды сол жақта өткізіп келдім. 1930-33 жыл әскерден келгенде партия қатарына өтіп және сержант мектебін  бітіріп, старшина атағын алған болатынмын. Елге келгенсін  1938 жылға дейін колхозда басқарма болып,  1938-41  жылдары соғысқа кеткенше  аудандық Соғыс істері бөлімшесін басқардым.  Қайран дүние!..»  Қызылбай  атам терең  күрсініп, орамалымен көзін сүртті. Бұл кісіге әкем-әжем  туралы айтқасын ба, әлде таусоғардай алып денелі кісінің қолтығының астында отырғасын ба, бойым бір жылылық сезініп отырды.  «Мана Мәншүк Мәметова туралы қысқа айттым , шөкімдей қыздың таудай батырлығы еленбей қала  жаздағанда… жанымды шүберекке түйген азаматтардың бірі мен болатынмын. Витебск қаласын жаудан босату кезінде батыр Мәншүкпен қатарлас бөлімшеде мен де шайқастым. Командованиенің Мәншүктің үйіне жазылған хатқа қол қойғандардың ішінде мен де бар едім. 1944 жылдың қаңтар айында госпитальдан шыққаннан кейін  8- гвардиялық двизиясына  панфиловшыларға ауыстырдым да, 1945 жылдың қазан айына  дейін  Польша, Эстония, Латвия мемлекеттерін жаудан тазартуда алдыңғы шепте болдым. Соғыс тәңірісі деген болады, оттан да, оқтан да бетің қайтпай, еліңді, жеріңді қорғауға итеретін белгісіз күш. Ерлік тәрбиеден басталады ғой, Отанды сүю  бір бар да, жүректілік бөлек қасиет». Атам әңгімесін қысқа  айтты.  Бір ғажабы, осы таудай кісіні мана трибунадан көрген сияқтымын.  Есіме түсіре бастағанмын. Қарт Торғайдың қадірменді қариясы.  Ұлы Отан Соғысының ардагері  (аты-жөніне мән бермеппін) әрі қарай трибунаға көтерілген қарияның тұлғасы таң қалдырған болатын.

– Ата, сіз мана сөйледіңіз ғой, –  дедім әрі қарай бір жаңалық айта ма деген үмітпен.

– Сен бір өмірдің әрбір қалтарысына үңіліп, ерекшелігіше мән беретін балам екенсің. Келешек ұрпаққа жақсы істерімді жария етуге, жазуға шамаң жететіні білініп тұр. Қысқасы, мен туралы егжей-тегжейлі  білгің келсе, әжеңнен сұра, тіпті болмаса, Қасым Шәріповтің “Қатардағы қаһарман” атты кітабынан оқырсың , осы үйде де бар, –  деді.

Келесі күні  Дәмер ағамың  үйіне қайта келдім.  Жексенбі күні болғасын ба, ағамда үйінде екен. Кешіктірмей келген шаруамды бастадым.  Дәмер ағатайыма «Атам Қызылбай туралы деректер керек еді» деуім сол екен, орынынан тұрып, кітаптар жинаулы тұрған сөреден 1965 жылы баспадан шыққан  Қасым Шәріповтың ” Қатардағы қаһарман” атты кітабы мен  бірнеше  газетті алдыма тастады.

– Осы үйде отырып  бәрін оқы, көшіріп жазып ал, болғасын қайтадан орынына қой, – деп қатаң тапсырма берді.

Әсірелемей -ақ жазылған әрбір сөздермен Қызылбай атамның тек жақсы қырын көрсетуі Қасым атаның сол соғысты басынан бірге кешкендігінен шығар.  «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шығады?» дегендей,  Нұрғазин Қызылбай  жайлы және онымен майдандас болған  белгілі қазақ ардагерлері – Сырбай Мәуленов, Әзілхан Нұршайықов, Дихан Әбілов  жайлы да біршама деректер кірістіріпті.  Парасат пен ізгіліктің, жалын оты жүрегіңде лапылдап тұрған, ел қорғайтын ерлікке қолдау көрсететіндігі де ашық баяндалған. Кітап қолыма бермейтін болған соң әуелі әр тұсын белгілеп алып, кейін дәптеріме көшіре бастадым.  Кітапты толық көшіруге уақытым да аз, көктемгі емтиханның басталуына санаулы күн қалған. Керек емес сөз жоқ.

“1944 жылдыды 19  сентябрінде  коммунист Қызылбай  Нұрғазин өзінің ерлігімнен атын бөлімшеге танытты. Ол бір ұрыста 15 немістің көзін жойып, 2 фашисті тұтқынға алып, 1 дзотты талқандап, шабуылға шыққан қызыл әскерлердің жолын ашты. Осы ерлігі үшін оған ” Қызыл жұлдыз” ордені берілді” . ( 210-бет)

“Қызылбайдың кеудесіне талай шайқастардағы ерлігі үшін екінші, үшінші дәрежелі  “Даңқ” ордендері , “Москваны қорғағаны үшін”,  “Ерлігі үшін”, “Германияны жеңгені үшін” медалдары тағылып марапатталған болатын”. (216-бет)

« Мен  Қызылбайды алғаш көргенде жүрек жұтқан балуан ба деп қалдым,  бірақ келісті жігіттің сөйлеген сөзіне қарап, соғыстан басқа бейбітшілік уақытта да еліне адал еңбек ететін азамат екені белгілі болды. Оның сыртында,  қасындағы жерлесі Асқар Зәкаринмен достығы ғылымға болмағанмен, білімге әлеуметтік көзқарасының өміршеңдігін көрсетті. Асқар Зәкарин мемлекет қайраткері, ғалым, Қазақ университетінің ректоры болды».

Міне, осындай дәйек сөздерден кейін  Қызылбай Нұрғазыұлының өмір жолына қызыға бастадым.  Жалпы, ерлік те қанмен келетін қасиет секілді.  Қызылбай атамыз бейбіт уақыттарда да, соғыстан келісімен зейнеткерлікке шыққанша қомақты колхоз-совхоздарды басқарып, елдің тұрмыстық  жағдайын  көткеруде де,  еңбекте де ерліктер жасады. Ол кісі басқарған колхоз миллионер атанды, азаматы әрленді,  елі әлденді.

«Көп емес нарқы бөлек, парқы бөлек,

Азамат қабылетті, қарпымы ерек.

Соларды іздегенде жаутаңдаймын,

Соңыңынан  қалды  екен- ай халқы не деп?!» – деп жазған Кеңшілік Мырзабековтің өлеңі де бар. «Ұқсайтын айналасын мысы басып, Сыртынан жауы жүрмес сұрмергенге» деп тағы мінездеме беріпті. Жалт ете қалған өмірде бүкіл ғұмырын адамдарға арнаған осындай  ЕРЛЕРГЕ  тағзым етейік.

              Кәдірбек  Ғабдуллин

Жаңалықтармен бөлісу