Арқалықтық мемлекеттік қызметкерлер қызметіне ұлттық киіммен келеді.
Еске сала кетсек, биыл ораза айында Ақордада ауызашар берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттық мәдениет дегеніміз бұл – мағынасы терең, көп қырлы ұғым. Халқымыздың төлмәдениеті салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан бастау алады. Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұл-қыздарымыз ұлттық киімді Наурыз мейрамында, я болмаса басқа мерекелерде жиі киіп жүрсе, керемет болар еді. Тек мерекеде емес, ұдайы киіп жүрсе де, жарасымды болатыны сөзсіз. Жалпы ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты” ,- деген болатын.
Ұлттық құндылықты ұлықтаған бұл игі бастамаға алғашқылардың бірі болып арқалықтықтар қолдау білдіп отыр. Енді, қала әкімдігіне жолыңыз түссе, ұлттық киім киген қыз-жігіттерді көптеп кездестіресіз. Осылайша, «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» мемлекеттік қызметкерлері тағы да халыққа бір табан жақындай түскендей.
«Бұл – қуана құптарлық іс. Қала әкімі Әмірхан Біркенұлы өзінің кезекті аппарат жиынында «Президентіміз Қасым – Жомарт Кемелұлы ұлттық киімдітек қана Наурыз, айт секілді мерекелерде ғана емес, күнделікті киіп жүрсе де жарасымды болатынын айтты. Біз де осыбастамаға қолдау білдіріп, әуелі жұма күндері жұмысқа ұлттық киім киіп келуді бастасақ»- деген ұсынысын білдірді. Әкімнің орынды айтылған ұсынысын әріптестеріміз дереу қолдап, қызметке ұлттық нақыштағы киімдерді киіп келуді бастап жібердік»,-дейді қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов.
Мұрат Жүнісұлы