Биыл Қостанай облысында жастарға арналған бірнеше жоба жүзеге асырылып, кейбірі жаңаша форматта жалғасын тапқалы отыр. Олардың әрқайсысы өскелең буынның белсенділігін арттыруға және оларға жан-жақты қолдау көрсетуге, жастарды алаңдататын мәселерді шешуге бағытталған. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар алаңында облыстық қоғамдық даму басқармасының орынбасары Абылай-хан Кәкенов пен облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Абай Дүйсеков айтып берді.
Біздің өңірде былтырдан бастап жастарға арналған «Жас шаңырақ» бағдарламасы іске қосылған. Аталмыш бағдарлама 35 жасқа дейінгі жас отбасыларға қолжетімді шарттармен жеке баспана алуға мүмкіндік береді. Биыл бағдарламаға бөлінген қаражат көлемі 3 есеге көбейді. Бұл тек облыс орталығын ғана емес, өзге аудан, қала жастарының баспаналы болуына жол ашады. Игі бастаманы облыстық әкімдік пен Отбасы банк бірлесіп жүзеге асырып келеді. Жылдық несие мөлшерлемесі – 5% , ипотека 19 жылға дейін беріледі.
–Жастарды жұмысқа орналасу мәселесі толғандырады. Осы проблеманы шешу үшін жергілікті атқарушы органдар әр тоқсан сайын жұмыспен қамту жәрмеңкесін өткізіп, ол үшін ірі өндіріс орындарын, ауылшаруашылық өндірушілерін шақырады. 12 мамырда Жастар сарайында облыс әкімі Қ.Ақсақаловтың қатысуымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтеді. Оған биылғы жоо түлектері мен еліміздің барлық медициналық оқу орындарының бітірушілері қатысады. Жәрмеңкеге жұмыс берушілермен қатар педагогикалық, медициналық, әлеуметтік сала мамандары да қатысып, жұмысқа қалай орналасуға болатыны жөнінде толық ақпарат береді. Сонымен қоса Болашақ бағдарламасымен оқып келген мамандар да сөз алатын болады, – деді Абылай-хан Кәкенов.
Бүгінде ғылым саласында еңбек етіп, жаңашылдыққа ұмтылып жүрген жастар аз емес. 17 мамырда «Мемлекет-бизнес-ғылым» тақырыбын қамтитын үшжақты диалогтық алаң өтеді. Мақсаты – жас ғалымдардың идеяларын өндірісте жарату. Ал маусым айында азаматтық форум бастау алады. Оған тек елімзден ғана емес, Орталық Азиядан да сарапшылар қатысып, тәжірибе алмасады.
–Осындай шаралармен қоса әлеуметтік идеялар жәрмеңкесіне де дайындық жұмыстары жүруде. Бұл бағытқа бөлінген қаражат та еселенді. Оған үкіметтік емес ұйымдармен қоса бастамашыл топтар да қатыса алады. Ең бастысы әлеуметтік мәселелер шешімін тапса болғаны, – деді спикерлер.