Мемлекеттік басқару академиясына құжат  қабылданып жатыр

Мемлекеттік басқару академиясына құжат  қабылданып жатыр

Құжаттар онлайн форматта «Admission» ақпараттық жүйесі арқылы 1 маусымға дейін қабылданады. Академия магистратура, докторантура білім беру бағдарламасы бойынша студенттерді оқуға алады. Бұл туралы «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы» облыстық филиалының директоры Бауыржан Бағлай баспасөз мәслихатында хабарлады.

«Магистратураға мемлекеттік басқару, мемлекеттік саясат, халықаралық қатынастар, экономика, өңірлік даму, адами ресурстарды стратегиялық басқару, цифрлық мемлекеттік басқару және іскерлік әкімшілендіру бағдарламалары енгізілді. Докторантура бағдарламалары мемлекеттік басқару, экономика, халықаралық қатынастар және цифрлық мемлекеттік басқару болып бөлінеді. 2026 жылғы қабылдауда кейбір өзгерістерге тоқталғым келеді.  Құжат тапсыру мерзімі қысқартылып, жаңа бағдарламалар қосылды. Кейбір бағдарламалар бойынша оқу мерзімі ұлғайтылып, бірқатар бағдарламаларға ағылшын тілін білу сертификаты талап етіледі. Магистратураға арналған мемлекеттік гранттар саны 200-ге, докторантураға 12 грант бөлінді», – деді Бауыржан Бағлай.

blank

 

Үміткерлерге жеке куәлік, диплом және қосымша, мемлекеттік қызметшілер үшін жолдама қажет болады. Мемлекеттік тілді меңгеру сертификаты, еңбек өтілі туралы құжат міндетті түрде талап етіледі.

blank

 

«Оқуға ниет танытқан жандар докторантураға арналған зерттеу жұмысының жобасын әзірлеуі  қажет. Қабылдау кезеңдері онлайн аналитикалық эссе, офлайн сұхбат және аралық нәтижелерін жариялау арқылы бағаланады. Академия студенттерге тәжірибеге негізделген білім, кәсіби дамуға мүмкіндік береді. Дәлірек айтқанда, стипендия, шетелдік тағылымдама, ғылыми зерттеулер, тәжірибелі профессорлардан дәріс алу мүмкіндігін ұсынады. Бұл қадам кәсіби қауымдастыққа қосылуға жол ашады», – деді академия филиалының басшысы.

blank

Оқу 1 қыркүйекте басталады. Толығырақ ақпарат академияның ресми сайтында (apa.kz) және әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланған.

БОТА МАНЕТ