Мемлекеттен көмек алу жеңілдеді: 45 мемлекеттік қызмет онлайн қолжетімді

Мемлекеттен көмек алу жеңілдеді: 45 мемлекеттік қызмет онлайн қолжетімді

Қазақстанда әлеуметтік қолдау алу бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көрсететін мемлекеттік қызметтердің 91,8 пайызы электронды форматқа көшірілген. Енді азаматтар 49 мемлекеттік қызметтің 45-ін интернет арқылы ала алады.

Цифрлық қызметтер азаматтардың уақытын үнемдеп, мемлекеттік мекемелерге бару қажеттілігін азайтады. Қызмет түріне қарай өтінішті электронды үкімет порталы, Enbek.kz электрондық еңбек биржасы, eGov Mobile мобильді қосымшасы және екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы беруге болады.

Министрлік проактивті қызмет көрсету тетігін де дамытып келеді. Бұл форматта мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде тиісті қолдау шараларын алуы мүмкін азаматтар анықталады. Оларға қызметті пайдалану мүмкіндігі туралы хабарлама жіберіледі.

Мұндай тәсіл азаматтарға өз құқықтары мен мүмкіндіктерін білуге, қажетті қызметті рәсімдеу жолын жеңілдетуге көмектеседі. Яғни адам өзіне тиесілі әлеуметтік қолдау туралы ақпарат алу үшін міндетті түрде мемлекеттік органға барып, арнайы өтініш беруге тиіс емес. Қызметті рәсімдеу тәртібі оның түрі мен белгіленген талаптарына байланысты болады.

Қазіргі уақытта 28 мемлекеттік қызметті проактивті форматта алу мүмкіндігі қарастырылған.

Бұл министрлік көрсететін барлық қызметтің 57,1 пайызын құрайды.

Мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың басты мақсаты — азаматтарға қажетті көмекті қолжетімді ету, артық әуре-сарсаңды азайту және қызмет алу үдерісін жеңілдету.