«Туған жердің топырағы ыстық»: Гүлсағаттың Қазақстанға оралу хикаясы

«Туған жердің топырағы ыстық»: Гүлсағаттың Қазақстанға оралу хикаясы

Өзбекстанда туып-өсіп, 2003 жылы тарихи Отанына қоныс аударған Гүлсағат Тұрғалиқызы бүгінде Рудный қаласында еңбек етіп, халқына адал қызмет етіп келеді. Оның өмір жолы — туған елге деген сағыныштың, қиындыққа мойымаудың және жаңа ортада өз орнын табудың жарқын үлгісі.

Гүлсағат Тұрғалиқызы Өзбекстан Республикасының Навои қаласына қарасты Тамды ауданында дүниеге келген. Балалық шағы мен жастық кезеңі сонда өтіп, білім алып, болашақ мамандығын таңдады. Бұхара технологиялық институтын тәмамдап, инженер-технолог біліктілігін меңгерді. Оқуын аяқтаған соң мамандығы бойынша еңбек етіп, өмірдің өз арнасымен өрбуіне мүмкіндік берді.

Өзбекстандағы тұрмысы жаман болған жоқ. Бар жағдайы жасалған, қалыптасқан өмірі болды. Дегенмен адамның жүрегінде туған елге, ата-баба мекеніне деген ерекше сағыныштың болатыны рас.

«Өзбекстандағы жағдайымыз өте жақсы болды. Бар нәрсеміз болды. Алайда адам өмірінде белгілі бір кезеңде жаңа қадам жасауға деген ұмтылыс пайда болады», – дейді Гүлсағат Тұрғалиқызы.

2003 жылы ол жолдасымен бірге тарихи Отаны – Қазақстанға қоныс аударуға шешім қабылдады. Ол кезде екеуі де небәрі 34 жаста еді. Жас отбасының бұл қадамы жай ғана мекен ауыстыру емес, болашаққа деген үлкен сенім мен ұрпақ тағдырына қатысты маңызды шешім болатын.

«Қазақстанда туылмасақ та, ұрпағымыз осы қазақ елінде өсіп-өнсе екен деген ой болды. Өз елімізде өмір сүріп, елмен бірге болуды қаладық», — деп еске алады кейіпкеріміз.

Осылайша, туған елге деген сағыныш пен ұрпақ болашағына деген үміт оларды Қазақстанға алып келді. Алайда жаңа өмірдің табалдырығын аттау ойлағандай оңай болған жоқ.

Алғашқы жылдары отбасы пәтер жалдап тұрды. Жаңа орта, өзгеше тұрмыс, күнделікті өмірдегі ұсақ-түйекке дейін бейімделуді қажет етті. Тіпті сол кезеңде қолданысқа енген теңгенің құнын түсініп, ақшаны дұрыс есептеудің өзі оңайға соқпаған.

«Алғашқы кезде теңгені дұрыс түсінбейтінбіз. Пәтер ақысының өзін дұрыс есептей алмай қалған кездер болды. Қазір сол сәттер есіме түссе, күлемін», – дейді Гүлсағат апай.

Көшіп келген алғашқы жылдары отбасы қаржылық қиындықтарды да бастан өткерді. Жұмыс табу оңай болмады. Кейде күнделікті қажеттіліктерді өтеудің өзі үлкен мәселеге айналды. Дегенмен қиындыққа мойып, кері шегінуді ойлаған жоқ. Керісінше, жаңа өмірге бейімделіп, алға қойған мақсаттарына жету үшін табандылық танытты.

Жолдасы жұмысқа орналасқаннан кейін отбасының жағдайы біртіндеп түзеле бастады. Кейін Гүлсағат Тұрғалиқызы да еңбекке араласып, отбасының тұрмысын жақсартуға өз үлесін қосты. Еңбек пен төзімнің арқасында олар жаңа ортада өз орындарын таба бастады.

Қоныс аударған қандастар үшін тұрмыстық қиындықтармен қатар, тіл мәселесі де оңай бола бермейді. Гүлсағат апай қазақ тілінде сөйлеп өскенімен, Рудный қаласындағы алғашқы жылдары орыс тілінің кеңінен қолданылуы оған біраз қиындық туғызды.

«Біз таза қазақ тілінде сөйлеп өстік. Ал мұнда барлығы орыс тілінде болды. Сондықтан алғашқы кезде тіл жағынан қатты қиналдым. Адамға өз жерінің топырағы ыстық қой. Жаңа ортаға үйрену үшін уақыт керек екен», – дейді ол.

Оның бұл сөздерінен туған тілдің қадірі мен өз ортаңда өмір сүрудің маңызы анық сезіледі. Адам қай жерде жүрсе де, өз болмысына жақын орта іздейді. Ал жаңа жерге бейімделу үшін сабыр, төзім және уақыт қажет.

Уақыт өте келе Гүлсағат Тұрғалиқызының өмірінде қуанышты сәттер көбейді. Отбасында ұл дүниеге келіп, ана атанды. Баласын балабақшаға бергеннен кейін өзі де жұмысқа орналасып, қоғам өміріне белсене араласты. Еңбектің арқасында отбасының тұрмысы түзеліп, жаңа ортадағы өмірі қалыпты арнасына түсті.

Бүгінде Гүлсағат Тұрғалиқызы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында еңбек терапиясының нұсқаушысы болып жұмыс істейді. Зейнеткерлік жасқа жетсе де, қол қусырып отыруды қаламайды. Өзінің өмірлік тәжірибесі мен білімін өзгелерге пайдасын тигізуге жұмсап келеді.

Ол үшін еңбек — тек күнкөріс көзі емес, туған халқына қызмет етудің, елге пайда келтірудің бір жолы.

«Халқымыз кішкентай болса да, оларға еңбегіммен үлес қостым деп ойлаймын. Қазір зейнеткер болсам да, өз халқыма, өз еліме өмірде үйренгеніммен үлесімді қосып жүрмін», – дейді Гүлсағат апай.

Шынында да, адамның елге деген сүйіспеншілігі құр сөзбен емес, күнделікті ісімен, адал еңбегімен өлшенеді. Өзінің кәсіби білімі мен өмірлік тәжірибесін халық игілігіне арнаған Гүлсағат Тұрғалиқызы осы ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырған.

Ол үшін Қазақстанға көшіп келу – жай ғана басқа мекенге қоныстану емес, тарихи Отанына оралу, өз халқының ортасынан орын табу еді. Әрине, бұл жолда қиындықтар да кездесті. Бірақ сол қиындықтардың ешқайсысы оның туған елге деген сүйіспеншілігін әлсірете алған жоқ.

«Мен өз елімді қатты сүйемін. Әр қазаққа қуанамын, әр қазақты ардақтаймын. Қазақстанға көшуді жоспарлап жүрген қандастарға айтарым — кең байтақ елімізге келіңіздер. Қиындық болуы мүмкін, бірақ ең бастысы — үмітті жоғалтпау керек», – дейді ол.

Бұл — өмірдің талай белесінен өткен жанның жүрекжарды сөзі. Өйткені жаңа елге бейімделу үшін тек батыл шешім қабылдау жеткіліксіз. Оған қоса төзім, еңбекқорлық және болашаққа деген сенім қажет.

Гүлсағат Тұрғалиқызының өмір жолы — тарихи Отанына деген сағынышын жүрегінде сақтап, сол сезімді нақты іске айналдыра білген жанның тағдыры. Өзбекстаннан Қазақстанға көшіп келіп, жаңа ортаға бейімделіп, еңбекпен өз орнын тапқан ол туған халқына қызмет етуді өмірінің маңызды бөлігіне айналдырды.

Отанға оралу кейде ұзақ жолдан басталғанымен, оның түпкі мәні — өз тамырыңды табу, өз халқыңның ортасында өмір сүру және елдің дамуына үлес қосу. Ал Гүлсағат Тұрғалиқызының тағдыры туған жерге деген махаббаттың адамға күш беріп, қандай қиындықты да еңсеруге жетелейтінін көрсетеді.

Дильназ Айтуарова

Рудный қаласы