185 елдің арасынан – әлемдік үздік төрттікке: қазақстандық жас робототехниктер тағы да әлемді мойындатты

185 елдің арасынан – әлемдік үздік төрттікке: қазақстандық жас робототехниктер тағы да әлемді мойындатты

Қазақстан ұлттық құрамасы Корея Республикасының Инчхон қаласында өткен FIRST Global Challenge 2026 халықаралық спорттық робототехника чемпионатында әлемдік рейтингтің үздік төрттігіне енді. Байқауға әлемнің 185 елінен командалар қатысқан.

Қазақстандық оқушылар іріктеу кезеңіндегі 11 кездесудің барлығында жеңіске жетіп, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама әлемдік рейтингте төртінші орынға ие болып, инженерлік дайындық пен командалық жұмыстың жоғары деңгейін көрсетіп отыр.

Қазақстан құрамасы бұған дейін төрт жыл қатарынан FIRST Global Challenge чемпионатының жеңімпазы атанған болатын. Биылғы нәтиже де отандық оқушылардың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

blank

ҚР Оқу-ағарту министрлігі  ұлттық құраманың «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен USTEM Foundation қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырған іріктеу нәтижесінде жасақталғанын хабарлайды. Бұл жұмысқа Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub халықаралық инновациялық кластері қатысып, Astana Motors құрамындағы OMODA & JAECOO брендтері қолдау көрсеткен.

Ұлттық құрама сапында Алматы қаласының жастары өнер көрсеткен. Атап айтсақ,  М. Ганди атындағы №92 мектеп-лицейінің 9–11-сынып оқушылары Хусейн Мақсұт, Нұртас Серік, Аспандияр Бердали және Арнур Абдулла, сондай-ақ Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназиясының оқушысы Ерасыл Ендібай жоғары нәтижеге қол жеткізді.