Президентке Парламент Сенатының реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жұмыстарының өткен айлардағы қорытындысы және алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде мәлімет берілді.
Биыл Бюджет, Құрылыс, Су, Салық және Цифрлық кодекстерін, сондай-ақ «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Масс-медиа туралы» және «Жылу энергетикасы» туралы заң жобаларын қарау жоспарланып отыр.
Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Қазақстанның Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттары мен міндеттерінің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссияның жұмысы туралы баяндады.
Бұған қоса, Президентке Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының қызметі таныстырылды. Қазіргі кезде Съезді дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр.
Спикер Мәулен Әшімбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сенаттың мәслихат депутаттарымен арадағы жұмысы жандана түскенін айтты. Бұл іске «Өңір» депутаттық тобы мен Сенат жанындағы жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес белсенді атсалысуда.
Биыл еліміздегі мәслихат институтының құрылғанына 30 жыл толады. Осыған орай сәуір айында халықаралық конференция өткізу жоспарланып отыр.
Кездесу соңында Президент елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан қолдаудың рөлі зор екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтардың дамуына барынша көмек көрсету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты деп санайды. Оның пікірінше, бұл іске жергілікті өкілді органдардың депутаттарын кеңінен тарту қажет.