Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында жаңа конституциялық органның стратегиялық міндеттерін айқындады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында жаңа конституциялық органның стратегиялық міндеттерін айқындады

Ел дамуының жаңа кезеңінде қоғамдық келісімді нығайту, азаматтардың үнін есту және өңірлердің әлеуетін арттыру айрықша маңызға ие. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы. Астанада өткен алғашқы сессияда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа институттың алдағы жұмыс бағдарын айқындап, оның елдің қоғамдық-саяси өміріндегі рөліне ерекше тоқталды.

Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы – мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған саяси жаңғырудың маңызды көрінісі. Бұл бастама ел ішіндегі сан алуан пікір мен ұсынысты ортақ мақсатқа тоғыстырып, халықтың қоғамдық өмірге белсенді араласуына кең мүмкіндік ашуды көздейді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің маңызын атап өтіп, Қазақстанның тұрақты дамуы ең алдымен азаматтардың өзара сенімі мен ортақ жауапкершілігіне байланысты екенін жеткізді. Әртүрлі этнос өкілдерін бір шаңырақ астына ұйыстырған татулық пен өзара құрмет – еліміздің басты құндылықтарының бірі. Осы орайда Қазақстан Халық Кеңесі қоғамдық келісімді нығайтуға, азаматтық бастамаларды қолдауға және қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған маңызды диалог алаңына айналмақ.

Жаңа органның қызметінде өңірлердің мүддесін қорғау мәселесіне де басымдық беріледі. Өйткені елдің өркендеуі тек ірі қалалардың дамуымен өлшенбейді. Әрбір ауыл мен ауданның, әрбір облыстың әлеуетін тиімді пайдалану – жалпыұлттық дамудың берік негізі. Өңірлерден ұсынылған бастамалардың республикалық деңгейде қаралуы жергілікті жерлердегі мәселелерді жүйелі шешуге жол ашады. Бұл ретте қоғамдық кеңестер мен жергілікті өкілдердің рөлі арта түспек.

Президент сөзінде қоғамдық бақылау институтын жетілдіру, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың сапасын арттыру мәселелеріне де назар аударды. Жол құрылысы, тұрғын үй, білім беру және денсаулық сақтау нысандарының сапалы салынуы – халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды міндеттер. Сондықтан әрбір жобаның нәтижесі нақты талаптарға сай болып, бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы мен атқарылған жұмыстың сапасы тұрақты бақылауда болуы қажет.

Ел болашағының тағы бір маңызды тірегі – адами капиталды дамыту. Қазіргі еңбек нарығы жаңа талаптарды алға тартып, кәсіби білімі жоғары, бәсекеге қабілетті мамандарға деген сұранысты арттыруда. Осы тұрғыда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру және жастарға сапалы білім алуға жағдай жасау стратегиялық маңызға ие. Бүгінгі жас ұрпақтың білімі мен кәсіби біліктілігі – ертеңгі Қазақстанның экономикалық қуаты мен өркендеуінің кепілі.

Сонымен қатар қоғамдық бастамаларды қолдау, волонтерлік қозғалысты дамыту, қайырымдылық пен азаматтық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру да жаңа институттың қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі болмақ. Қоғамның дамуы тек мемлекеттік бағдарламалармен шектелмейді. Ол әр азаматтың белсенділігіне, туған жеріне деген жанашырлығына және ортақ іске қосқан үлесіне де байланысты.

Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы жаңа қоғамдық институттың қызметіне бағыт-бағдар беріп қана қоймай, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың маңызын тағы бір мәрте айқындады. Оның тиімді жұмысы қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға, халықтың ұсыныстарын ескеруге және ел дамуына бағытталған бастамаларды ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Бірлік бар жерде береке, ортақ мақсат бар жерде өркендеу бар. Сондықтан Қазақстан Халық Кеңесінің алдындағы басты міндет – ел мүддесін бәрінен жоғары қоятын, қоғамның әлеуетін ортақ іске жұмылдыратын және әр азаматтың үнін ескеретін пәрменді қоғамдық диалог мәдениетін қалыптастыру. Бұл – Әділетті әрі өркендеген Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.