Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Сарыкөл ауданына жұмыс сапарымен барып, бірнеше әлеуметтік нысанды аралады. Жергілікті диқандармен жүздесіп, аудан әкімі Марат Шымырбековтің «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарған жұмысының есебін тыңдады.
Облыс басшысы аудан әкімінің аумақты абаттындыру бағытындағы жұмысын сынап, есебі қабылданбайтынын айтты. Себебі тазалық жұмыстарының нәтижесі мардымсыз.
«Сарыкөл ауданында анықталған абаттандыру қағидаларын бұзу деректерінің 80%-і қалпына келтірілді. Қалғанын түзету жалғасуда. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер көмектесуде. Алайда, бәрі біз қалағандай бола бермейді. Бірақ, жұмыс істеп жатырмыз. Сарыкөл ауылының өзінде 204 бұзушылық анықталып, оның 169-ы қалпына келтірілді. 165 мың тонна қоқыс шығарылды. 45 сенбілік өтті. Әсіресе зират маңайы тазартылды. Саябақ ішін жинап, шарбақтарды сырладық. Сынған орындықтарды жөндедік. Кезең-кезеңімен қалпына келтірудеміз», – деді аудан әкімі Марат Шымырбеков.

Жергілікті билік күрделі мәселелерді шешудің орнына ұсақ-түйек ақауларды түзеумен айналысқан. Аймақ басшысы мұны нағыз көзбояушылық деп бағалады.
«Сіз ұсақ-түйек ескертпелерді ғана көрсетіп отырған сияқтысыз. Шын мәнінде ескертпелер әлдеқайда көп. Жаңа ғана Маяк ауылының жанынан өттік. Мен ол жерді жақсы білемін. Бір кездері жұмыс істегенмін. Ауылдың тең жартысы қираған. Міне, мәселе қайда жатыр?… Әңгіме орындықтарды сырлауда емес. Иесіз қалған үйлерді назарға алып, жылдар бойы жиналып, көңге айналған қоқысты шығару керек. Әрбір былықтың иесі бар. Ауылдарда қоқыс тау болып үйіліп жатыр. Бұталар қаулап өсіп кеткен. Өкінішке қарай, мұндай көрініске көзіміз үйреніп кетті», – деген облыс әкімі абаттандыру қағидасын бұзу бойынша қанша ескертпе жасалып, айыппұл салынғанын да сұрады.
– Былтыр төртеу, биыл сегіз айыппұл салдық, аудан бойынша, — деді Марат Шымырбеков.

– Сегіз айыппұл дегеніңіз қалай? Мен сізге мына тұрған Маяк ауылынан ондаған бұзушылықты көрсете аламын. Неге қолдарыңызға берілген пәрменді дұрыс пайдаланбайсыздар?! Неге талап қоймайсыздар? Сіздер былықты бүркемелеп отырсыздар деген сөз. Қыс таяп қалды. Тазалық жұмыстарын жазда атқарып, тиянақтылау керек еді. Шаруашылықтармен дұрыс қарым-қатынас орнатпағансыздар. Талапты дұрыс жеткізе алмағансыздар. Мәселе сонда. Ертең аудан әкімі, ауылдық округ әкімі болса да және учаскелік инспектор абаттандыру жұмысын әлсіз жүргізгені үшін жазаланады, — деді Құмар Іргебайұлы.
Облыс әкімі Амангелді және Жангелдин аудардарының тазалығын мысал ретінде айтып, сол өңірден үлгі алуға шақырды.

Естеріңізде болса, биыл көктемде аймақ басшысы Құмар Ақсақалов облыс әкімі аппаратының қызметкерлеріне өңірге қарасты әр елді мекенді аралап, абаттандыру қағидаларын бұзу фактілерін анықтау туралы тапсырма жүктеді. Оның қорытындысында әр ауыл бойынша фотоальбом жасалды. Апатты жағдайдағы ғимараттар, иесіз қалған үйлер, жылдар бойы тоң болып жиналған үйінділер, бәрі құжатқа түсті. Шамамен 14 мың бұзушылық анықталғаны туралы дерек жинақталды. Әсіресе, Қарабалық, Сарыкөл, Б.Майлин аудандарында тазалық талаптарының өрескел бұзылғаны байқалды. Облыс әкімі тамыз айында үлкен кеңес өткізіп, олқылықтарды 1 қарашаға дейін түзетуді тапсырған-ды. Арада бірнеше ай өтті. Нәтижесі көңіл көншітпей отыр. Сол себепті Сарыкөл ауданы әкімінің абаттындыру және тазалық шаруаларына қатысты есебі қабылданбады.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Сарыкөл ауданы
