«Қазсушар» ШЖҚ РМК Қостанай филиалының ұжымы су шаруашылығы саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлердің шаңырағына арнайы барып, оларды құттықтады. Салаға саналы ғұмырын арнаған азаматтарға құрмет көрсетіп, ақжолтай тілектерін жаудырды.
Филиал басшысы Сәкен Қоқышев бастаған ұжым алдымен су шаруашылығы саласының ардагері Қойшы Ғайыпназардың үйіне барды. Ғұмырын осы салаға арнаған ақсақал қарапайым инженерден бастап, облыстық су ресурстары комитетінің басшысына дейінгі қызмет жолынан өтті. Оның басшылығымен облыста мыңдаған тұрғынды ауызсумен қамтамасыз еткен ірі су құбырлары салынды. Білімі мен тәжірибесі шетелде де бағаланып, Кеңес дәуірінде жергілікті мамандарды оқыту жобасымен Йеменге дейін барған.
«Қазіргі жұмысымыздың арқауында сіздер қалыптастырған тәжірибе мен еңбек мектебі жатыр. Сіздердің еңбектеріңізді кейінгі буын әрдайым үлгі тұтады. Ардагерлерге құрмет көрсету – өткенге тағзым ғана емес, саланың бүгінгі мамандарына жауапкершілікті сезіндіру деп білемін», – деді филиал басшысы Сәкен Қоқышев.

Ұжым үшін есімі еңбегімен етене байланысты тағы бір ардагер – Жамбылбек Райымқұлов. Ол өмірінің қырық жылын су шаруашылығы саласына арнады. Соның жиырма жылдан астам уақытын Қостанайдағы су шаруашылығы жүйесін басқаруға жұмсады. Әсіресе тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы күрделі кезеңде өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне зор жауапкершілікпен атсалысты. Оның басшылығымен бірқатар күрделі су шаруашылығы нысандары жаңғыртылып, жұмысын тұрақты жалғастырды.
Ардагерлер қатарында Надежда Авдюшенконың да орны бөлек. Ол мекемеге 1994 жылы келіп, 1999 жылы «Қостанайводхоз» кәсіпорны құрылған тұста ұжымның қалыптасуына атсалысты. Кадрлар бөлімінің инспекторы ретінде талай маманның еңбек жолының басталуына себепкер болып, қызметкерлермен етене жұмыс істеді. Ұқыптылығы мен кәсіби білімі, адамға деген ілтипаты әріптестерінің есінде жақсы сақталған. 2010 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.
Су шаруашылығы – бір адамның еңбегімен өлшенбейтін, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын сала. Бүгінгі мамандардың сенімді жұмыс істеуіне жол ашқан аға буынның еңбегі де осындай ұзақ жолдың негізін қалады.
Ардагерлердің еңбегі уақыт өткен сайын өзінің мәнін жойған жоқ. Бір кездері олар салған су құбырлары мен су қоймалары бүгінде де ел игілігіне қызмет етіп келеді. Мыңдаған шақырымға созылған құбырлар, су қорын жинап, сақтайтын ірі нысандар – аға буынның маңдай тері мен кәсіби жауапкершілігінің нақты көрінісі.
Жыл жүздесулерде филиал ұжымы ардагерлерге зор денсаулық, отбасы амандығын тілеп, еңбектеріне алғыс білдірді.
