Мемлекеттік сатып алу порталының деректеріне сәйкес, Қостанай қаласында 2023 жылға арналған тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алудың жалпы сомасы 44 млрд 595 млн теңгеге тең.
Қазір мемлекеттік сатып алу рәсімінде 3 млрд 159 млн теңгеге 41 конкурс өтуде. Оның ішінде отыз бір конкурс қалалық ұйымдар, он конкурс білім беру ұйымдары арасында. Барлық конкурстық процедураны қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл туралы қалалық әкімдіктің Мемлекеттік активтер мен сатып алу бөлімінің басшысы Әлия Сегізбаева мәлімдеді.
Конкурс рәсімдерін өткізудің барысы күнделікті бақылауға алынған. Ашық конкурс арқылы мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізуге кемінде 45-50 күнтізбелік күн қажет. Сатып алу рәсімін қайтадан өткізу де уақыт алады. Өткен сегіз айда орындалған барлық сатып алулардың 10%-і қайтадан өткізілген.
– Былтыр қала көшелерін күтіп ұстау сияқты күнделікті қажеттіліктерге арналған сатып алулардың жеңімпаздары мерзімінен кештеу анықталған едік. Биыл сол олқылықты болдырмау үшін сатып алу рәсімін дер кезінде ұйымдастырып, келісімшарттар уақытылы жасалды, – деді Әлия Сегізбаева.
Шаһар басшысы Марат Жүндібаев мемлекеттік сатып алу рәсімінде сапаға көңіл бөлу қажеттігін ескертті.
– Қазір мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде арзан баға ұсынатындар ұтып жатыр. Соның салдарынан жұмыс сапасыз атқарылады. Нәтижесінде тұтынушы зардап шегеді. Жергілікті емес мердігерлер Алматы, Астана, Атыраудан келіп тендерден ұтып алады да, біздің ұйымдарды жұмысқа тартады. Ол дұрыс емес. Мен салық түсімдерінің өз қаламызда қалғанын қалаймын, – деді қала әкімі М.Жүндібаев.