Қостанай қаласының Назарбаев даңғылындағы, «KOSTANAY PLAZA» сауда ойын-сауық орталығының қарсы алдындағы автокөлік жолының бойына металл қоршау қойылмақ. Өйткені, дәл сол тұстан, рұқсат етілмеген жерден жаяу жүргіншілер арғы бетке жүгіріп өтіп, көліктердің қозғалысына кедергі келтіруде.
Қала әкімі Марат Жүндібаев металл қоршау мен кесіп өтуге тыйым салатын жол белгісін осы аптаның аяғына дейін орнатуды тапсырып отыр.
– Ол жерде жолдың арғы бетіне өтуге арналған жерүсті өткелі бар. Алайда, тұрғындар өткелдің қолайсыздығына шағымдануда. Көпшілік рұсат етілмеген жерден жүгіріп өтуге бейім. Оның бәрі көлік жүргізушілеріне кедергі келтіреді. Жолдың бойына бұталар отырғыздық. Жас көшеттер жыл сайын өсіп, кейін оның тасасынан шыға келген адамды жүргізуші көрмей қалуы бек мүмкін. Сондықтан, қазірден бастап тәртіпті қолға алайық, – деді Марат Жүндібаев.
Қ.Мұратбекқызы.