Марат ЖҮНДІБАЕВ: Қалалықтар сенбілікке шығуға құлықсыз

Марат ЖҮНДІБАЕВ: Қалалықтар сенбілікке шығуға құлықсыз

Осы жұма сағат 14:30-да Қостанай қаласында жалпыхалықтық сенбілік өтеді. Қала әкімі Марат Жүндібаев барша тұрғындарды экологиялық іс-шараға қатысуға шақырды.

Мамыр мерекелеріне санаулы күндер қалды. Мейрам қарсаңыда қала іші таза болғаны абзал. Сондықтан, шаһар басшысы облыс орталығының тұрғындарын ортақ іске бірлесе кірісуге шақырды. Тазалық айлығы басталғалы бері үш сенбілік өтті. Қала көшелері, қоғамдық орындар, саябақтар, ҰОС-ның ардагерлері тұрып жатқан аулалар қоқыстан тазарып, бір тәртіпке келді. Алайда, атқарылатын жұмыстар әлі көп. Сенбілікке мемлекеттік қызметшілер, мұғалімдер, дәрігерлер, жастар белсенді қатысуда. Өкінішке қарай, тұрғындар өздері тұрып жатқан үйлердің аулаларын жинауға құлықсыз.

– Сенбілікке барлық қала тұрғындарын шақырамын. Ең болмаса өздеріңіз тұрып жатқан үйлердің алдын жинаңыздар. Сенбілікте көлемі үлкен тұрмыстық қалдықтарды қоқысқа тастап, мердігер ұйымдарға қиындық туғызбауларыңызды сұраймын. Ондай қоқыстарды шығаруға арналған арнайы контейнерлер мен мамандандырылған кәсіпорындар барын еске саламын, – деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.

Сондай-ақ, шаһар басшысы №6697 әскери бөлімінің маңайындағы аумақтың тазалығын сынға алды. Ол жерде қураған шөп жағалай қаулап, көрер көзге түрпідей тиеді. Қала әкімі аталған аумақты алдағы мерекеге дейін тәртіпке келтіруді тапсырды.

Қымбат ДОСЖАНОВА.

Жаңалықтармен бөлісу