Қостанайда тасқын судың беті әлі қайтқан жоқ. Судың ағыны да қатты. Бірнеше кәсіп нысаны мен қаланың шеткі ауылдарындағы тұрғын үйлер суға кетті. Ол жерден адамдар мен үй жануарлары эвакуацияланды.
“Жағдай қиын, бірақ бақылауда. “Мохито” демалыс орыны, “Апельсин” СО, Теннис орталығы суда қалды. Сондай-ақ, шеткі аймақтағы “Колесные ряды” ауылында 80 үйді су басты. Саны артуы немесе осымен тұрақталуы мүмкін. Нақты айта алмаймын. Ол жерден 6-7 көшенің тұрғындары эвакуацияланды. Үй жануарлары да қауіпсіз аймаққа шығарылды. Үш бірдей бау-бақша алаңы суда қалды. Ең бастысы, адам шығыны жоқ. Бірақ кейбір адамдар қауіпті толық сезінбей, үй-жайларына оралып жатыр екен. Олай тәуекелге бел буудың қажеті жоқ. Қауіпсіз орындарда болыңыздар”, – деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.
Бүгінге дейін 754 адам эвакуациялаған. Оның 31-і эвакуациялық пункттерге жайғасса, қалғандары тиісінше туыс-туғандарына қоныстанған.
Екі қаланы байланыстыратын Корей және КЖБИ көпірі жабық. Ол аумақтарда арнайы комиссия жағдайды зерттеп, су деңгейі түсіп, қауіп сейілсе, ашатын болады. Қостанай мен Тобыл қаласын байланыстыратын тек орталық көпір бар.
“Тәуілсіздік көшесіндегі орталық көпірде жүк көліктерінің жүруіне шектеу қойылды. Тек жеңіл көліктер жүре алады. Алайда көлік ағыны тым көп. Сол себепті біз қала тұрғындарынан маңызды жұмыс болмаса, қатынасты барынша азайтуды сұраймыз. Енді біз нақты оқиға болған жерде ғана жұмыс істейтін боламыз. Яғни, инженерлік желілерді қалыпқа келтіруге және адамдарды эвакуациялауға күші жұмылдырамыз. Өйткені қосымша Қостанай ауданына да көмектесіп жатырмыз”, – деді Марат Жүндібаев.
Сондай-ақ Марат Жүндібаев тұрғындарды жалған ақпаратқа сенбеуге және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды. Сұрақтар болса, 109 нөміріне хабарласуға болады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ, Бағдат АХМЕТБЕКОВ