Алтын дала ауылы да қауіп-қатер алдында тұр (ВИДЕО)

Алтын дала ауылы да қауіп-қатер алдында тұр (ВИДЕО)

Қостанай ауданы Жамбыл ауылдық округіне қарасты Алтын дала ауылына да су басу қаупі төнді.

Бұл туралы хабар тұрғындардан келіп түсті.

 “Алтын Дала ауылында жарық сөнді. Су жақындап келеді. Өзен арнасы тоқтаусыз көтеріліп жатыр”, – деп дабыл қақты тұрғындары.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты растап отыр.

“Қауіп бар екені рас. Электр жарығының да сөнгенінен хабардармыз. Ол жақта РЭС қызметкерлері жұмыс істеп жатыр”, – деп жауап берді олар.

Кейін су тасқыны жағдайының нашарлауына байланысты ауыл ойпатындағы алты көшеден 21 үйдің тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылданған. Қазіргі уақытта тұрғындарды қауіпсіз жерге жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғындарды уақытша паналатуға арналған базалар мен эвакуациялық пункттер дайындалды.

Осы ақпарат дайындалып жатқанда тұрғындары көшірілген көшеге су кіре бастағаны туралы хабар келіп жетті.

Жаңалықтармен бөлісу