Мектептер мен колледждер қашықтан оқыту форматына көшеді

Мектептер мен колледждер қашықтан оқыту форматына көшеді

8 және 9 сәуірде Қостанай қаласының және Қостанай ауданының мектептері мен колледждерін қашықтан оқыту режиміне ауыстыру шешімі қабылданды.

Қостанай ауданында су басу қаупі бар аймақта бес мектеп бар.

Олар — Алтынсарин мектебі, Заречный мектеп-лицейі, Тобыл қаласының №1 мектебі, Мичурин ЖББМ, Кәрімов атындағы ЖББМ.

“Аталған білім ошақтарында жалпы саны 2494 оқушы бар. Эвакуацияланғаны — 543 бала. Бұлардың көбі туыстарының үйіне қоныстанған. Ал аудандағы эвакопунктерге 42 бала орналастырылды, олардың 27-сі — оқушы. Олар пункттерге мектеп компьютерлері арқылы қашықтан оқытылады”, — делінеді облыстық Білім басқармасы хабарламасында.

Жалпы, барлық отбасы балаларымен үйлерін су басып үлгермей тұрып, уақытылы көшірілген. Оқуға қажетті құрал-жабдық жеткілікті.

Басқарма мәліметінше, қазіргі уақытта Жанкелдин ауданында 9, Аманкелді, Қарасу, Әулиекөл аудандарында және Рудный қаласына қарасты Перцев ауылында бір-бір мектептен қашықтан оқыту режимімен жұмыс істеп жатыр. Аталған өңірлерде үйден оқып жатқан оқушылардың саны — 968.

“Жолдың нашарлығына байланысты тасымалы қиын өзге өңірлер де қашықтан оқытуға көше алады. Бұл жөнінде су тасқыны жағдайының құбылуына байланысты ата-аналарға да хабарланып жатыр”, — делінеді басқарма ақпаратында.

Жаңалықтармен бөлісу