Мал баққанға бітеді

Мал баққанға бітеді

Меңдіқара ауданындағы “Қарқын” агрофирмасы” ЖШС он төрт жылдан бері асылтұқымды қара мал өсіреді.  Агрофирманың өз басында екі мыңға жуық етті бағыттағы Әулиекөл тұқымы күтімге алынған. Ал екінші шаруашылықта мың шақты абердин-ангус тұқымы бағымда. Шаруашылық 2030 жылға дейін ұрғашы қара малдың санын мың жарымға дейін жеткізуді көздейді.

Өйткені, бұлар өсіріп отырған малға сұраныс жоғары. Қарағанды, Атырау, Ұлытау облыстарының шаруалары жиі сатып алады. Көбіне ақтөбелік фермерлер Әулиекөл тұқымына әуес. Мұның сыртында облыстың көптеген қожалықтары  “Қарқын” агрофирмасының бір жасар бұқашықтарын сатып алады.

–Биылғы мамыр айының өзінде жүз шақты бұқашық саттық. Жыл аяғына дейін тағы 250-300-дейін сатамыз деп жоспарлап отырмыз. Бір ерекшелігі, абердин-ангус тұқымы да, әулиекөл тұқымы да  жергілікті жерге тез бейімделгіш. Бұзаулар күніне 750 грамнан 1,5 келіге дейін салмақ осады. Биыл әр жүз сиырдан сексенннен бұзау алдық. Олар тез өседі. Бір жасқа келген бұқашықтың тірідей салмағына сәйкес 1700 теңгеден пұлдаймыз. Сонда біреуі 600-650 мың теңгеге шығады, – дейді шаруашылық директорының орынбасары Темірхан Ағытаев.

Жалпы, асылтұқымды мал өсіру оңай емес. Олай дейтініміз, олардың әрқайсысы туғаннан бастап әбден зерттеледі. Мәселен, “Қарқын” агрофирмасы Астана, Қостанай қалаларындағы ғылыми-зеттеру институттарымен тығыз жұмыс істейді. Ғалымдар әр бұзаудың “жеті атасына” дейін тексереді. Егер тұқым стандартқа сәйкес келсе, онда бірінші категорияға жатқызылады. Олардың нарықтағы құны да сәйкесінше жоғары болады.

Шарушылықтың бар малы қазір жайылымда бағылады. Дала қосында бақташылар үшін арнайы жағдай жасалған. Емін-еркін жайылған түлік тез күй жинайды. Сондықтан, малшылар  күні бойы мал соңында, Кезектесіп бағады. Қыста шаруашылықтың базасына әкеледі.

–Біз бір қысқа 2,5 мың тонна шөп, 4 мың тонна пішендеме , 1100-1200 тонна сабан  әзірлдейміз. Бір маусымға артығымен жетеді.  “Мал баққанға ғана бітеді”, демей ме, халқымыз, ақ адал, маңдай термен өсірген малды дұрыс күтімге алсаң ғана, пайдасын көресің, еңбегіңнің жемісін татасың, – дейді мал маманы.

 

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суретті түсірген Бейбір МЕЙРАМҰЛЫ

Меңдіқара ауданы

 

Жаңалықтармен бөлісу