Майлин ауданында “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы аясында апталық өтті

Майлин ауданында “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы аясында апталық өтті

Апталыққа белсенді қатысқан отбасыларды марапаттауға арналған іс-шара аудандық тарихи-өлкетану музейінде ұйымдастырылды. Ерекше көзге түскен әулеттерге бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Аталған апталық барысында алты белсенді отбасы – Мақсұтхан, Юдин, Бірмағанбетов, Жұмабек, Нокишев және Мирасовтар – әртүрлі жарыстан сынға түсті. Бейнероликтер мен суреттер байқауларына қатысып, отбасылық құндылықтарды дәріптеді. Шығармашылық қабілеттерін және патриоттық тәрбиенің маңызын көрсетуге бағытталған ерекше жобалар ұсынды.

Марапаттау рәсіміне дейін қатысушыларға арналған экскурсия ұйымдастырылып, музей қызметкерлері аудан тарихы мен мәдени мұрасы туралы кең көлемде мағлұмат берді. Іс-шараға қатысушылар өңірдің тарихи тұлғалары және маңызды оқиғаларымен жақынырақ танысып, ұлттық мұраға деген құрметтерін арттыра түсті.

Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ольга Нұрғалиева елгезек отбасыларға алғысын білдіріп, мұндай бастамалардың маңызы зор екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, отбасы – қоғамның құраушы бөлшегі ретінде ұлттық құндылықтарды сақтаудың және жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің басты тірегі.

            «Отбасылардың бірлесіп атқарған шығармашылық жұмыстары олардың арасындағы байланыстарды нығайтып қана қоймай, қоғамдық белсенділіктерін де арттыра түседі. Мұндай байқаулар жас ұрпаққа үлгі болары анық. Сіздердің мұндай іс-шараларға бейжай қарамай, үн қосқандарыңыз өзге де отбасыларға үлгі болып, серпін береді», – деді ол өз сөзінде.

Іс-шара соңында барлық қатысушы отбасыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Марапаттар «Үміт-2050» қоғамдық қоры тарапынан, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы негізінде табысталды.

Гүлназ Өмірзақ,

ҚӨУ студенті

Жаңалықтармен бөлісу