Мен атамды көрген жоқпын. Бірақ,ес білгелі,төрде ілулі тұрған атамның суретіне және омырауына тағылған медалдарына қызыға қарайтынмын.Атам туралы білгім келіп,әкем Серік Мұқсынбекұлынан сұрайтынмын.
Атам Мұқсынбек Бектасов 1923 жылы Қостанай облысы,Жангелдин ауданы, ХХІ партсъезд кеңшарында туған. 1941 жылы 18 жасында Ұлы Отан соғысына алынады.Соғыста Украина жерінде болып,Берлинге дейін барған. «Ерлігі үшін», «Украинаны азат еткені үшін» медалдарымен марапатталған. Капитан атағын алып, рота командирі болған. Жаудың бетін қайтарған үлкен ұрыста атам қатты жарақаттанып госпиталға түседі. Емделіп, ұрысқа қайта қатысады.Елге соғыс біткесін 1950 жылдары оралып, туған жерінде еңбек етіп,шопан болады.Атам соғыстан келгенде орысша сауатты сөйлейтін болған. Сол жылдары ауылды шегіртке қаптап кеткен. Мәскеуден шегірткені улауға самолетпен орыстар келеді. Ауылда «тіл» білетін ешкім жоқ,атамды партияның тапсырмасымен бригадир қылып қояды.Жоғарыдан радиограмма келісімен,халыққа «тамақтарыңды,үйлеріңді жабыңдар,шегірткеге қарсы дәрі себеміз»деп атам ауыл ауылға хабар береді екен.Әскери тәртіпке үйренген атам тәңертең ерте тұрып, жаттығулар жасап, жаяу жүгіреді екен.Атам әскери адам болуды армандап,сол жақта қалғысы келген.Бірақ әжемнің жалғыз ұлы болғасын, атамды шақыртып алған.Шопан болып көп бейнет көргенде анасына ренжіп, «мені неге шақыртып алдың, осы бейнетті көрсін дедің бе?»деп ренжіп отырады екен.
Бірде ауылға сол кезде аудандық атқару комитетінің хатшысы Дәурен Сәуекенов деген кісі атамды іздеп келіпті. «Мұқа, менің соғыстағы командирім, Сізге мен өміріммен қарыздармын» депті.Атам көп сөйлемейтін, «мен сөйттім,бүйттім»деп мақтанбайтын адам болған. Сөйтсе, Дәурен Сәуекенов ұрыста қатты жарақат алып,лазареттің сыртында өлім алдында жатқан. Менің атам ротада беделді болған .Санитарды шақырып алып,машинамен госпитальға апарған екен.Сөйтіп,досын ажалдан алып қалған.
Атам өмірінің соңына дейін шопан болған. Еңбекқор,өз ісіне жауапты болған. Кеңес Одағы кезінде адамның амандығынан гөрі малдың амандығына көп көңіл бөлген. Бір мал шығын болса,партиядан шығаруға дейін барған. 1973 жылы мамыр айында,күн жылып, жер қарайған кез. Күнделікті тіршілік, атам бір отар қойды өріске шығарған. Ауа райы аяқ астынан бұзылады деп ешкім ойламаған. Қарлы боран соғып, дала ала-түлей болады.
Үшінші күн дегенде күн ашылып, атам малды алдына салып ауылға келген. Өзі әбден шаршаған, тоңған, аш. Сөйтсе мал қырылып қалады деп, өзінің амандығын ойламай, бір отар қойды ықтау жерден шығармай, отарды айналып жүре беріпті. Содан аман-есен малды еш шығынсыз ауылға жеткізген. Кейін атам туралы аудандық «Жаңа өмір» газетінде «Мұқсынбекте мықты екен» деген мақала шыққан.
Суық әбден өткен атамның денсаулығы содан кейін сыр бере бастаған. Ауырып жатып, «талай оқ пен оттан аман қалып едім, елге келіп мал соңында жүріп, ауру болдым» дейді екен. Сол аурудан айыға алмай атам 1979 жылы 6 мамырда 56 жасында дүниеден озған.
Мұқсынбек атам Досқалиқызы Збайрамен шаңырақ құрып, он баланы дүниеге әкелген. Әжем 2008 жылы қайтыс болған. Әкем Серік атам Мұқсынбек қайтқанда алты жаста болған. Атам туралы естелікті, Збайра әжем айтып отырады екен. Әкем есінде қалған естеліктерді маған айтты.
Атам Мұқсынбек сияқты Отанын шексіз сүйген адамдар елін қорғап, қан майданда от кешкен. Мен атам Мұқсынбекпен мақтанамын! «Ер есімі-ел есінде», менде кейінгі ұрпағыма атам туралы айтып отыратын боламын.
Марғұлан МҰҚСЫНБЕК Серікұлы,
майдангердің немересі
Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Жібек жолы ауылы,
Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орта мектебі КММ, 6-сынып оқушысы.