Ішкі істер министрі Ержан Саденов Мәжілістің жалпы отырысында “Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы” заң жобасын таныстырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Заң жобасы 6 тараудан және 22 баптан тұрады. Сонымен қатар онда “адам саудасының құрбаны”, “адам саудасының ықтимал құрбаны”, “осал жағдай”, “адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері” мен басқа жаңа ұғымдар қарастырылған.
– Жоба ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған, – деп атап өтті полиция ведомствосының басшысы өз баяндамасында. Заң жобасында 4 негізгі бағыт бар. Олар: Серіктестік, Профилактика, Қудалау, Көмек көрсету. Жобада адам саудасы құрбандарының барлық құқықтары және олармен жұмыс істеу алгоритмі көзделген. Заң жобасының тағы бір ерекшелігі – “тәуекел топтармен” жұмыс, яғни ықтимал құрбандарға көмек көрсету. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселесіне жеке тарау арналған.
Министрдің айтуынша, бұдан басқа да толықтырулар мен өзгерістер ұсынылуда:
Қылмыстық кодекске:
– “адам саудасымен байланысты қылмыстар” ұғымы енгізіледі;
– жасау тәсілдері бойынша “адамды қанау” ұғымы кеңейтіледі;
– “Притон ұстау және жеңгетайлықты” “интернет желісі арқылы” жасау деген жаңа саралау белгісі көзделеді.
Қылмыстық-процестік кодексте жәбірленушінің әлеуметтік арнаулы қызметтер алуға құқығы көзделді. “Неке және отбасы туралы” кодексте лауазымды адамдарға балалар қалдырылған жағдайда, олар бұл туралы прокуратураға хабарлау міндеті бекітілді. “Жәбірленішулерге өтемақы қоры туралы” заңға қосымша үш қылмыс түрі, яғни қанау мақсатында ұрлау, бас бостандығынан заңсыз айыру және жезөкшелікпен айналысуға тарту қылмыстары бойынша құрбандарға өтемақы төлеу мүмкіндігі енгізілді. “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодекске балаларды өздеріне қалдырғаны туралы хабарламағаны үшін медициналық ұйымдардың, приюттердің, балалар үйінің қызметкерлеріне қатысты жауапкершілік көзделіп жатыр.